ҰЛТ ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕГЕН ЖАН

Қазақ халқы — ержүрек, еркіндікті сүйетін халық. Олар ата дәстүрін дәріптеп, құндылықтарды бағалай білген. Қазақ халқына табиғат шешендік пен суырыпсалма өнерді молынан сыйлаған. Олар үлкенді құрметтеу, біреудің ала жібін аттамау, адал болу, адамгершілікті болу секілді басты қағидаларды ұстанады.

Қазақ халқының салт-дәстүрін ұмыт қылмай, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру әрбір жанның міндеті.

Қазақы болмысын ұмыт қылмаған, «Қазақ қызы» деген атқа кір шалдырмаған жанның бірі Ризахан Ерленова. Ол 1949 жылы 7 сәуірде Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген. Осы ауылдың орта мектебінен білім алған. 19 жасында өмірлік серігі Есен Нүсіповті кездестіріп, шаңырақ көтереді. Жұбайы зоотехник, мал дәрігері, ферма басшысы болып әртүрлі қызмет атқарған. Осы ауылдың сыйлы адамы болған. Нүсіповтер әулетіне келін болып түскен Ризахан Батталғазықызы енесі Дәметер ападан нағыз келін қандай болу керектігінің қыр-сырын жетік меңгереді. Ризахан апаның айтуынша енесі Дәметер дін жолын берік ұстанып, намаз оқыған. Бұл әулет имандылықты жанына арқау еткен қожа руынан шыққан. Халық арасында осы руға байланысты мынадай өлең жолдары тараған.

Қожа руы сұлулықтан жаралған,

Жүректері махаббаттан нәр алған.

Инабатты қыздары мен ұлдары,

Мұндай ұрпақ ақсүйектен тараған.

Әйел адам – шаңырағының отын тұтатушы, береке-бірліктің бастаушысы. Осы басты қағиданы естен шығармаған Ризахан апамыз өмір жолында көптеген қиындықтарға төтеп беруді үйренген. Ол үй шаруасына асқан жауапкершілікпен қарап, ата-енесінің қабағын бағып, күйеуінің сүйген жары атана білген. Өмірге жеті баланы дүниеге әкеліп, оларға аяулы ана болып, қазақы тәрбие берген. 7 құрсақ көтергені үшін Мемлекет басшысының жар-лығымен бекітілген «Күміс алқа» орденімен марапатталған. Тағдыр қосқан өмірлік серігімен 40 жыл бірге тұрып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге тата білген. Ризахан апамыз сонымен қатар ауыл ауруханасында мейірбике болып 15 жыл жұмыс істеген. Тоқырау заманында ауыл ауруханасы құрдымға кеткеннен соң «Әжелер» ансамблінде өлең айтып, облыс, аудан көлеміндегі іс-шараларға қатысып, әннен шашу шашқан. Медицинаның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін және «Әжелер» ансамблінде ән айтып, ел мәдениетін асқақтатқаны үшін көптеген марапаттарға ие болған. Елеулі  еңбегі осы күнге дейін еленіп келеді екен.

Ризахан апа жұбайы екеуі бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Оларға салт-дәстүрді құрметтеп, ана тілін ардақтап, Отанды сүю, имандылықты арқа тұту  керектігін үйреткен. Балаларын оқуға түсіріп, білім алғызған. Уақыты жеткеннен кейін ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірдегі басты парыздарын орындаған. Бұл әулеттің балалары бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының дамуына зор үлес қосып, ел игілігі жолындағы игі істерді атқарып келеді.

«Дінім діңгегім»,

«Дәстүрім дидарым» деген керемет сөздерді ұстанатын апамыз қазақ халқының дәстүрлі тағамдары құрт, май, ірімшік, айран мен кілегейді дастарқанның басты көркі деп біледі. Сондықтан осы керемет өнімдерді өзі жасайды. Бұл өнімдерді қалай жасау керегін жақсы біледі. Қазіргі таңда бар білгенін келіндері мен қыздарына үйретуде.

Қолынан өнер тамған Ризахан апа құрақ құрап, көрпе жасайды. Апамыздың жасаған көрпелері көз тартады. Әсемделіп құралған өрнектері қазақы салттың негізі болып табылады. Бұл кісі сонымен қатар ою салып, текемет жасайды екен. Текемет қазақ халқынның төл тарихынан тамыр тартқан киіз үй жиһазы. Бағалы кілемді жерге төсеген кезде ол суықты өткізбейді. Апамыздың жасаған текеметінің бетіндегі түр-түс үйлесімі мен ою-өрнектерді орналастырудағы тәсілдері халықтың ертедегі мәдениеті мен дүниетанымынан хабар береді.

Қазақ халқының жыл бастау мейрамы – 22 наурыз күні аталып өтіледі. Бұл күн қасиетті күн. Ұлыстың ұлы күнінде адамдар бір-біріне ақ тілектерін жаудырып, төс қағыстырып, ренжіскен адамдар болса татуласады. Осы күні күн мен түн теңеліп, жер шуаққа бөленеді. Наурыз – жақсылық пен тіршіліктің бастауы. Жер Ана осы күні әдемі күйге еніп, барша әлемге шуағын шашып, жер бетін нұрға бөлейді. Қасиетті мейрамның басты тағамы жеті түрлі азықтық заттан жасалған Наурыз көже.

Наурыз көжені жасаудың шебері атанған Ризахан апа ұлы асты ерекше әдіспен әзірлейді. Бұл әдіс қазақ даласында ерте заманнан қолданылған.

«Көженің төресі — бидайдан» дейді жетпісті еңсерген апа. Ас атасы – нан дайындалатын бидай дақылы ұлы мейрамның басты тағамы болып саналатын Наурыз көжеге ерекше дәм береді екен. Апа көжеге қосатын бидайды мөлшерлеп алып, жел соққан кезде қыпығын ұшырып, оны келі-келсапқа салып түйіп, түгін шығарады. Сосын бидайды төрт қайтара шайып, екі сағат қайнатып, бірнеше сағат бұқтырып қояды екен. Сондай-ақ тарыны пісіріп қосады. Айранның орнына көктемге сақтаған құртын қайнаған суға әбден езіп, көжеге пайдаланады. «Мұндай жұмыс уақыт пен күшті талап етеді», – дейді Ризахан апа. Қыс бойы сүрленген ет көженің дәмін келтереді. Сол себепті Ризахан апа сүрленген етті асып, сорпасын мол қылып оған керекті дәнді қосады. Осыншама еңбекпен келетін көжеден ауыл адамдары дәм татып, ақ тілектерін тілейді.

Қазақ халқының төл дәстүрінінің ұмытылмауына ұйытқы болып отырған апамыз 15 немере, 2 шөбере бағып, бақыт пен шаттыққа бөленуде. Бүгінгі таңда апамыз іргесі тыныш, төрі кең Қоңыр ауылындағы қара шаңырағының шайқалмауын қадағалап, үйінің берекесін сақтап отыр.

Көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазынаға толы ардақты ана, сүйікті апа атанған  Ризахан Батталғазықызына денсаулығы сыр бермей, жасы жүзге жетіп, көрер қызығы мол болсын дей келе уық болып, керегеге қадалар немерелері мен шөберелері көбейе берсін деп тілік білдіреміз.

Өнегелі өмірінің үлкен бөлігінен үзік сыр шерткен Ризахан апаға алғысымыз шексіз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.