«БАСТАУ БИЗНЕС» ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ШАМЫН ЖАҚПАҚ

14 наурыз күні «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында ауданға қарасты ауыл тұрғындарын, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, өз бизнесін ашқысы келетіндерді, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерді оқытуды бастап кетті. Бүгінде 27 кәсіпкер өз ісін ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетпекші. Оқу ұзақтығы 1 айға созылады. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленеді.

«Бастау Бизнес» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік дағдыларын, соның ішінде бизнес-жобаларды сүйемелдеуге бағытталған. Жалпы жоба бойынша 2018 жылы 162 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасын оқыған. Оның 28 несие алып, бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Жобасын сәтті қорғап, кәсібінің маңыздылығын дәлелдеген  17 адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 100 АЕК, ал 2 адам «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1,5 млн. теңге инновациялық мақсатқа берілетін гранттың иегерлері атанған болатын.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әбен Тайжанов: «Кәсіпкерлік негіздерін оқытып болғаннан кейін қажеттіліктеріне сай бір ай ішінде бизнес жоспар дайындау және екінші деңгейдегі банктермен, шағын несие беретін ұйымдармен қалай жұмыс істеу керек, барлығын толық үйреніп шығатын болады. Курстардан өткен қатысушылар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының», сондай-ақ шағын несие ұйымдарының және несие серіктестіктерінің қолдауына ие болады», – дейді.

Ал жобаның бизнес-тренері Жандос Супабеков: «Бастау Бизнес» курсында кәсіпкерлік негіздерінің қыр-сырын тереңірек меңгереді. Бұл курстан өткен адамдар аудитория алдында сөйлеу, өзінің жобасын қорғау сияқты қасиеттерге үйренеді. Бұл стартап жобаларды қорғау кезінде керек. Бізге келетіндердің көбісі мал шаруашылығы кәсібін өркендетуді көздейді. Алайда оқу барысында түрлі мағлұматтардың көп берілуінен жобаға қатысушылар басқа салаларға қызығып, ауысып та кетеді. Бұл – біз үшін үлкен нәтиже», – дейді.

Шағын және орта кәсіпке негізделген бизнес мыңдаған жұмыссыздардың қолына балық емес, қармақ ұстатуды көздеп отыр.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.