Қазақтың қайсар арулары

Тарих – қару. Есебін тауып қолданғанда тұтас бір өркениетті жоқ етуге, жаңа мәдениетті пайда қылуға да болады. Сенбеймісіз? Қазіргі геосаясаттың бір құйтырқы әрекеті өзгені жоқ, өзін асқақ ету мақсатында тарихты әлеуметтік жарылыс үшін пайдаланып жүр. Бәсекелестіктің негізі озу, даму, ілгерілеу болса, сол негізге сүйенгендер басқаны екінші орында, өзін біріншіде болғанын қалайды. Кім екінші болмаққа ұмтылады? Ешкім! Нәтижесінде қос бауырлас мемлекет бір-бірінің тарихын жоқ етіп, ұлт болу тұрғысында озуға талпынуда. Қазіргі тенденция — тамырын тереңнен іздеу. Кімнің ұлт болу тарихы тереңде, соның ұпайы түгел. Былайғы сөзбен айтқанда, баласын әкесінің әлеуметтік жағдайына орай бағалау. Түсінген боларсыз…

Жалпы тарихтың мәніне тоқталдық, енді өркениет пен мәдениет тұрғысынан бір саралап алайық, батыс елдерінің өкілдерінде осы екі құрылым тұрғысында өзгеше ой қалыптасқан. Олардың пайымы мәдениет пен өркениет дегеніміз қала салудан басталады. Алайда қазақ мәдениетсіз емес, өркениеттің соңына ілеспеді дей алмаймыз. Батыс елдерінен асқаны болды бізде, күллі Еуропа беліне шүберек байлап жүргенде қазекем атқа мініп, шалбар киіп жүрген. Қазірдің өзінде солай, бар бәлекет дамыған елдерде пайда болып, дамушы елдерге бағыт алады. Мәселен, көгілдірлер, педофильдер, канибалдар (адам етін жегіштер), біржыныстылардың махаббаты, тағысын тағылар біздің дәстүріміз бен мәдениетімізде жоқ еді. Мұның бәрі батыстану үлгісімен жетті. Тақырыптан сәл ауытқып, қайта тарихқа келейік, өзге елдердің тарихында батыр әйелдер жайы көп сөз болады. Жанна Д.Арк, Беатрис Бургундская, Клеопатра, Елизавета сынды тұлғаларымен мақтанады талайлар. Ал бізде ше? Әдетте қазақ танымында әйелдерді нәзікжандылар деп суреттейді. Кеңістігімізге салсақ, әйел екінші сатыда тұруы тиіс. Бірақ, бізде әйел тұлғалары болмады дегенді білдірмейді, бізде әйел «Ана» кейіпінде тұлға болып қалыптасқан. Әйтпесе Бегім Ана, Домалақ Ана, Гауһар Ана, Нұрбике Ана сынды кейіпкерлер қайдан шықты? Сол қазақ ханымдары, қазақтың әйел тұлғалары хақында бір сөйлейікші…
Қазақ ханымдары туралы сөз болса, әуелден Тұмар ханымның аты жылт етеді санада. Сайып келгенде түбі бір түркілердің тамыры саналатын ханшайымның қазақ даласында билік құруы, күллі Азияны шулатқан, қан қақсатқан, өзін «Азияның билеушісі» санаған Кирді ойсырата жеңуі оның атын мәшһүр етті. Алайда Тұмар ханымды тек қазақтікі дей алмаймыз, Қорқыт баба сықылды ол да түркі дүниесінің тұлғасы.
Керей мен әз-Жәнібек хан Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Жетісу бойынан ордасын тіктегенде қазақ деген ұлыстың негізі қаланды. Хандықтың негізі қаланғанға дейін сайын далада сапырылысқан ұлы көштер мен даланы қанға былғаған сан шайқас ұлт болып қалыптасуға септігін тигізді. Әдетте біз қазақ мемлекеттігінің негізін XIV ғасырдан іздейміз. Алайда ұлттың тағдыры одан әріде.
Қазақ хандығы қалыптасқаннан кейін билік басында Керей мен Жәнібектің ұрпақтары отырды. Олар ел әлеуетін дамытуда қиян-кескі шайқастар мен саяси әрекеттерге барды. Сауда-саттықты дамытты, отырықшылық пен қала мәдениетін өркендетті. Алайда бұл әрекеттің барлығын бір ғана ханның жүргізген саясатының жемісі дей алмаймыз. Жалғыз адам тарихта тұлға болып көрінгенмен, шын мәнінде жай адамды тұлға ету үшін бірнеше адамның, яки ондаған, жүздеген адамның іс-әрекеті керек. Мұнымен не айтпақ болды деймісіз, ханның ұлы істері үшін уәзір, қолбасшы, кеңесшілердің іс-қимылы қандай болса, ханның бәйбішесі мен әйелдерінің, анасының да рөлі сондай болды. Күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған «жаман әйел ердің төрдегі басын есікке, жақсы әйел есіктегі басын төрге сүйрейді» нақыл бар. Осы ой түбінен шыққан асыл сөздің астарына үңілсеңіз, қазақ әйелдері ерлер үшін жұмыс істеген, еркек кіндіктілерге қызмет қылған. Мәселен, Абайды алайық, оның Ұлы болуына Құнанбайдың рөлі қандай болса, Ұлжан мен Зеренің де рөлі сондай болған. Қос анасы осынша білікті, тәлімі мол болмағанда Абай Абай болып қалыптаспас еді. Сол сықылды қазақ хандарының биліктегі сара жолының қалыптасуына да әйелдердің рөлі мықты болды. Жаған бегім қазақ хандығының негізін құрғандардың бірі Жәнібек ханның жары. Жәнібек пен Керейден кейін хан болған Қасымның анасы. Өкінішке орай, Жаған бегім жайлы тарихи деректер жоқтың қасы. Тек Жаған бикемнің Шайбан ұрпағы Махмұд сұлтанның анасы Ақкөзі бегім апалы-сіңлілі болғандығы ғана айтылады. Яғни, Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның нағашы әпкесі болып шығады. Ол кісі жайлы деректер аз болғандықтан, ел билеу ісіне қалай араласқанын да айту қиын. Бірақ білдей бір хандықтың негізін қалаған қағанның жары болу оңай іс емес екені белгілі. Ал одан да қиыны сол хандықты ұстап қалар ұрпақты тәрбиелеу болатын. Жаған бегім – Қазақ хандығын он-ақ жыл билеп, Азия мен Еуропаға атағын шығарған Қасым ханның анасы. Қасым ханның қасқа жолын салған, әскерін 1 миллионға дейін жеткізген, қазақ хандығының шекарасын бекітіп, оны нығайтумен айналысқан адамның парасатты ананың құрсағынан шыққанын айтпаса-ақ та түсінікті.
Бұрын-соңды Ақбикеш Ару хақында естіп-білмеген боларсыз. Есім ханның тұсында ат жалын тартып, жағадан алған жауға тойтарыс беру жолында аянбаған ержүрек қыз көріпкелдігімен де танылған. XVІІ ғасырда өмір сүрген батырдың болжағыштық қасиеті талай соғыстың жеңісін қазақтардың қолында болуына септігін тигізген. Есім ханның бастауымен Бұқараға, Қашқарға, Қалмақ жеріне жасалған жорықтарға қатысып ерге бергісіз батырлығымен есімі аңызға айналған. Ақбикеш соғыстардан қол үзіп, елге оралғаннан кейін Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан елдің тыныштығы үшін шолғыншы да болған. Батырлығына тәнті болған жоңғарлардың өзі оны тұтқынға түсіріп, қаза қылғаннан кейін арулап жерлеп, құрмет көрсеткен. Бұл ауыз әдебиеті арқылы келген дүние, жазба дүниемен емес.
Тарихи деректерге сүйенсек, «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» оқиғасында Қаракерей Қабанбай батырдың аты ерекше аталады. Алайда оның жары, қазақтың аяулы аналарының бірі Гауһар туралы деректер сирек. XVІІІ ғасырдың ауыртпалығына мойымай, ел үшін қанын төккен бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы Гауһар анамыз Қабанбаймен иін тіресіп талай мәрте жорыққа қатысқан. Сол кезеңде заты әйел болса да, қалмақтардың есінде қылышын қынабына салмаған айбатты батыр ретінде сақталған.
Тағы бір аңызға сенсек, сенбеске лажымыз жоқ, өйткені әр аңыздың астарында шындық жатыр, Тарақты Байғозы батырдың қызы Қойсана анамыз да бір туар батыр болған. Қойсана қазақ әскерінің жоңғарларға қарсы отан соғысындағы әйгілі қолбасшы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы. Ағыбайға аяғы ауыр кезде ауыл жылқыларын түн келіп барымташылар қуып кетеді. Мұны естіген Қойсана дереу атқа қонып, барыпташыларға жетіп, бәрін аттан түсіріп, елге айдап келеді. Сонда қарақшылардың басшысы «бізді аттан түсірген әйелдің күші емес, оның ішіндегі баласының күші» деген екен. «Алып анадан туады» деген нақылдың өзегін енді түсінген боларсыз.
Кете Ботагөз туралы ел аузында мынадай әңгіме жүр, 1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілхайыр хан қаза табады. Оның тағына баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер азаматтарын ертіп Орынборға аттанады. Соны пайдаланған Еділ қалмақтары қорғансыз шал-шауқан, бала-шаға, қатын-қалаш қалған бейбіт ауылды қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айдап кетеді. Мұндай содырлы сойқанды естіген Есет Көкұлының қызы Ботагөз 150-дей сарбазды бастап барып, оқыста Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиіп, қанға-қан, жанға-жан дала заңы бойынша кек қайтарады. Сол жерде жауын тұтқындап алып келіп, тартып алынған мал-мүлікті еліне қайтарады.
Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әйелі, ел анасы. Шын есімі – Бәтима. Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары мен құты болды. Бопай Әбiлқайыр ханның екінші əйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы, байсалды қасиеттерінің арқасында аса жоғары «сұлтанша» лауызымына ие болған.
Әбілқайыр сұлтанның Бопай сұлуға үйленгені үлкен бақыт болды. Төре ұрпағына келген Бопай құтты келін атанды. 1711 жылы Нұралы атты перзент сыйлады. Нұралының Әбілқайырдан кейін кіші жүздің ханы болғанын бәріміз білеміз. Бопай Әбілқайырдың ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен. «Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен əсер еткен. Әдетте əйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған» – деп Қазақстан тарихы бойынша ірі маман А.И.Левшин жазып өткен. Сондықтан ел iшiнде қадірі артқан Бопай анаға халқы мəртебелі, парасатты «Бара бəйбiше» атағын сыйлаған.
Көктемір батыр туралы естуіңіз бар ма? Қазақтың сол кездегі «Бэтман», «Зорро» секілді бетперде киген батыры бұл. Нәті әйел болғасын өзін құпия ұстауды жөн санағандай. «Көктемір» — Сапура батыр Мәтенқызы еді. 22 жастағы Сапураның бірінші күйеуін қашқын қалмақтар өлтіріп кетіп, әмеңгерлікпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ол Досалы сұлтанның ауылымен қоңсы екі мың кісімен Қобда бойында көшіп-қонып жүреді. Әйел басымен қол бастауға қымсынып, «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. Кейін көтерісшілерден әбден ығыр болып, оған қарсы мәліметтер жинау үшін Орынбор губернаторы Рейнсдорп, «Сейітов» слабодкасының татарлары жасауыл Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты қазақтардың ішіне жансыз етіп жұмсайды. «Көктемірді» ұстамақ ниетте. Алайда, орыс жансыздарының жұмысы оң нәтиже бермейді. Сапура Мәтенқызы туралы деректер Пугачев көтерілісі кезіндегі орыс дереккөздерінде сақталған. «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған батыр анамыз жұмбақ жағдайда қаза тапты. Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Н.Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған. Көктемір (Сапура) батыр туралы Әбіш Кекілбаев, Аян Нысаналин т.б. жазушылардың туындылары жарық көрген.
Бүгінде қазақ ханымдарының ішінде тек Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан туралы толыққанды мәлімет бар. Кенесары хан. Қазақтың соңғы ханы. Қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Бабасы – хан Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі Топыш анамыздан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның перзенті. Тарихтан аян, Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жау жүрек батыр, дипломат, данагөй тарихи дара тұлға. Ал тарихшы, археолог, өлкетанушы А.Ма́йердың «Қырғыз даласы…» зерттеуінде «Кенесары ержүрек, айлалы, өркеуде, қыран қарақшы десе де, ол адамдарды маңайына топтастыруға шебер ұлы қасиеті бар» деп еріксіз мойындайды. Ал оның жары ақылсыз болса Кенесары үлкен шаруаның басы-қасында болмас еді. Бабамыздың бәйбішесі Күнімжан анамыз да бір басында ерге бермес қасиеттерді топтастырған батыр еді. Тарихшы Жанұзақ Қасымбаев «Кенесары хан» атты кітабында: «Кенесарының бәйбішесі Күнімжан азаттық күрестің барлық дерлік өрісті уақиғасының куәсі болды. Патша үкіметінің отаршылдық азабын бірдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрін, өмірінің ыстық-суығын бірге көтерді. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрізді хан мирасқорларының анасы Күнімжан балаларын халық үшін күрестің мүддесіне шыңдады» деп жазады. Мұрағат құжаттарында Күнімжанды ханша Тұрсынова (кейінірек Қасымова деп те жазылған) деп атаған. 1844 жылдың ақпанында патша әкімшілігінің жазалаушы отрядтары Кенесарыны жақтаған бірнеше ауылға, соның ішінде ханның жақын туыстары мен әйелдері тұратын ауылға тұтқиылдан шабуылдар жасайды. Сол кезде Күнімжанды тұтқындайды. Осы сәтте патшалық билік Кенесарыны сүйікті әйелі үшін күресті тоқтатар деп үміттенеді. Күнімжан болса тұтқында жүріп сенімді адамдары арқылы хан Кенеге соғысты тоқтатпау жөніндегі ниетін білдіреді. Адал жарының бұл әрекетіне разы болған Кенесары қарсылық күресін әсте тоқтатпайды.
Қазақ әйелдерінің тарихта өз орны бар. Әдетте жазбадан гөрі ауыз әдебиетімен тараған әңгімелер желісі жалған болып көрінер. Алайда тұтас халықтың мәдениеті мен дәстүрі, тілі мен діні жазбай-сызбай-ақ бүгінге жетті емес пе? Біз алыптар еліміз, Ұлы халықпыз. Ал Ұлылар батыр әрі данагөй аналардан туады.

М.Мақсым