ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАР

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың төл мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының бастамасымен және Ескелді аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен ауданымыздың 100 жастан асқан абзал аналары құрметтелді. Оларға облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталовтың құттықтауы мен сыйлықтары жеткізілді.

Қайнарлы ауылдық округіне қарасты Қоржымбай ауылының тұрғыны Ляман Танкешева 1916 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар станциясында дәулетті отбасында дүниеге келген. Сталиндік репрессия жылдары бұл отбасы Үндістанға жер аударылған екен. Онда бір жылдай тұрып, туған елге оралады. Елде әке-шешесіз қалған Ляман апа бауырларымен жетімдер үйіне тапсырылады. Жетімдер үйінде бауырларынан айырылады. 1935 жылы Алматы қаласына келген Ляман апа тұрмыс құрып, балалы-шағалы болады. Алапат Ұлы Отан соғысына аттанған жолдасы ерлікпен қаза табады. Ол ел басына күн туғанда сағатқа қарамай еңбек етіп, жеңіске өз үлесін қосқан батыл ана. Соғыстан кейінгі бейбіт жылдары Фурманов атындағы колхозында егіншілікте, мал шаруашылығында еңбек еткен, 47 жыл еңбек өтілі бар. Ерен еңбегі үшін  медальмен марапатталған. Қазірде балаларынан 3 немере, 7 шөбере, 2 шөпшек сүйген абзал ана. Ляман апамыз биыл 103 жасқа келіп отыр.

Алдабергенов ауылының тұрғыны Сатина Мырзабекова 1915 жылы қазіргі Алматы облысы, Көксу ауданы, Кеңарал ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Молдаболат Мырзабековпен отбасын құрып, 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Тұрмыс құрғаннан бері Алдабергенов ауылында осы күнге дейін тұрып жатыр. Алдабергенов колхозында еңбек етіп, әртүрлі жұмыс істеген. Бүгінгі күні 6 баладан 18 немере, 42 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отырған ана, асыл әже. Сатина апа көпшілікке сыйлы, құрметті азамат. Апамыз 104 жасқа келді.

Назгүл ЖҰМАХАНҚЫЗЫ,

«Нұр Отан» партиясы

Ескелді аудандық филиалының консультанты.