ТІРШІЛІККЕ НӘР БЕРГЕН АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Расында, анамыз барда қанша жасқа келсек те өзімізді бейкүнә сәбидей сезінеміз. Небәрі үш әріптен құралған сөзде қаншама мән-мағына бар. Ана – отбасының ұйытқысы, шаңырағының тірегі. Ана деген сөзді естігенде лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді.

Ұрпақ көбейтіп, сәбиге жарық дүние сыйлап, оған шексіз мейірімін төккен аналарымыз үлкен құрметке лайық. 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні ардақты аналар мен  нәзік жандыларға құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтау мақсатында ауданымыздың Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік концертке келген әрбір ана мен ару жандарға гүл шоқтары таратылды. Аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев жиында сөз бастап, аналарымызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Өмірге бірнеше сәбиді дүниеге әкелген Мәйкен Қожа, Алмагүл Жұман және Айт Пәзілхан атты аналарға «Алтын алқа» тағылып, үлкен құрмет көрсетілді. Сонымен қатар ауданымыздың дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген нәзік жанды арулар алғыс хатпен марапатталды.

Салтанатты жиын барысында әйелдер қауымына мерекелік концерт қойылды. Мәдениет үйінің қызметкерлері тамылжыта ән салып, халықтың қошеметіне бөленді.

Аяулы жандарға әрқашан айдай ажарланып, күлімдеген күндей нұрланып, шаттық пен қуанышқа бөленіп, береке-бірліктің бастаушысы, игі істердің қостаушысы болып жүре беріңіздер деп тілек білдіреміз.

Алима НҮСІПОВА.