ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ФОРУМ

Алғыс айту – қазақ халқына тән қасиет. Алғыс – қуанышта, той-томалақта адамдардың бір-біріне білдіретін ізгі тілегі. Қазақстанда Алғыс айту күні 1 наурызға бекітілген. Бұл күн бір шаңырақта бас қосқан түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген ықыласын білдіріп, алғыс айтатын күні. Киын-қыстау күндері өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, қонақжайлық көрсеткен қазақ елі болатын. Бірлігі мен татулығы жарасқан мемлекетте өзге ұлт өкілдері еркін өмір сүріп, бір ауамен тыныстауда.

Алғыс айту күніне орай Алматы облысына қарасты барлық аудандардың қатысумен Жастар жылы аясында «Біз Жетісуда тұрамыз» атты облыстық форум өтті.  Форумның мақсаты – туған жерге тағзым етіп, туып-өскен жерге алғыс білдіру.

Аталмыш форум 2 аптаға созылған. Осы уақыт аралығында әрбір аудан өз мүддесін қорғап, әділқазы алқаларына өзі тұратын жері жайлы шағын бейнеролик ұсынып, флешмоб билеп жарысқан. Сондай-ақ әр ауданнан спикерлер құрылып, олар ауданды толығымен таныстырып өтті. Ескелді ауданынынан спикер ретінде жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаев қатысты.

Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық мең-герушісі Ғ.Тұрсынбай форумның қорытынды бөлімінде сөз бастап, жеңімпаздарды марапаттады. Сапасы жоғары бейнеролик жағынан  біздің аудан гран-приді қанжығасына байлап, жаңа үлгідегі «Yasin» маркалы led теледидарын иеленді.

Тағылымы мол форумда ауданымыздың мерейі үстеп болды. Дүбірлі додада оза шап-қан форумға қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.