ІСІНЕ КӨРКІ САЙ ҰСТАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Қыз баланы қадірлеу – қазақтың қастерлі ұғымы. Сол себептен қызды тәрбиелеуге халқымыз ерте заманнан бері ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі күні де нәзік жандыларға әрдайым құрмет көрсету өзгермес дәстүрге айналған. Оның айқын дәлелі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні екені айдан анық.

Айтулы мерекеге орай, аудандық білім саласында жұмыс істейтін ару қыздар арасында «Ісіне көркі сай» атты байқауды аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті мен кәсіподақ комитеті жанынан құрылған жастар кеңесі және Қарабұлақ ауылдық жастар саясаты ұйымдастырды.

Бойында адамгершілік қасиеті, әсемділігі, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, ой-өрісі биік, парасатты, өзіндік жаңашыл идеясы бар, ұшқыр ойларын жеткізе алатын қатысушыларды анықтап бағалау мақсатында аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы А.Айтбузинова, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының бас маманы М.Жұмабек, Жетісу ауылдық округі Мәдениет үйінің директоры Қ.Абылқасымов, кәсіподақ жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы Қ.Қуанышбаев және Қарабұлақ ауылдық округі жастар саясатының нұсқаушысы Е.Ұлдаханов төрағалық етті.

Байқауға қатысушы арулар ортаға шығып, орындарына жайғасқаннан кейін облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының бас маманы Маржан Жұмабек барша аруларды мейраммен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс ІІІ кезеңде өтті. «Мен ұлы даланың аруымын» атты І кезеңде қатысушылар өздерін бейнеролик арқылы таныстырып, монолог оқып, ән айту өнерлерін көрсетті. Кейбір өнерлі ұстаздар өлең оқып, музыкалық аспапда ойнау шеберлігін танытты. Өнерпаздардың сөйлеу шеберлігі, шынайылығы, өзіндік жаңашыл идеясы, сахна мәдениетін ұстануы және оның киім үлгісі бағаланды. ІІ «Эрудит» кезеңінде байқауға қатысушыларға арнайы дайындалған сұрақтар қойылып, білім деңгейі тексерілді. Бұл кезеңде әрбір қатысушы интернеті бар ұялы телефонмен қамтамасыз етілді. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша аз ұпай жинаған 10 сайыскер ару келесі кезеңге жолдама ала алмады. Ал «Жасырылған импровизациялық тапсырма» шешуші ІІІ кезеңінде қатысушылар өздерінің ұш-қыр ойларын жеткізіп, берілген тапсырманың тақырыбын ашып, аудиторияның назарын бірден өзіне аудару арқылы актерлық қабілетін танытты.

Ауданға қарасты мектеп ұстаздарының біліктілігін, өнерін бағалаған әділқазылар алқасы төрт үздікті анықтады. Бас жүлдені көріктілігімен ғана емес, өзінің білімпаздығы мен сахнада өзін ұстау мәдениетімен көптің көңілінен шыққан Алдабергенов атындағы орта мектебінің ұстазы Ақмарал Әлібаева жеңіп алды. І орынға Титов атындағы орта мектептің ұстазы Ұлай Нұрболат, ІІ орынға Мелькомбинат негізгі орта мектебінің ұстазы Жұлдыз Молбаева және ІІІ орынға Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының ұстазы Марал Ахметова ие болды. Барлық қатысушылар марапаттау қағазымен марапатталып, жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болды.

Күнделікті сабақтарын өткізіп, оқушыларды тәрбиелеуде зор жұмыстар атқарып жүрген ісіне көркі сай жас ұстаздар сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.