ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ АЛҒА БАСТЫ

Өткен аптада ауданда «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шараны аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Абылқасымов пен бөлімнің бас маманы А.Әлімбаева және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Айтахов ұйымдастырды.

Жиында Елдос Ахметов: «Басқарма тарапынан «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде алғашқы жарнаға көмек көрсету жолдары қарастырылған. Осы мәселе барлық өңірлермен талқыланып, қазіргі таңда республикалық деңгейде бірыңғай ереже дайындалуда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция және басқа да сұранысқа ие мамандар үшін «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау бойынша тапсырма берілген», – деді.

Өз кезегінде Бағлан Абылқасымов әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қалай пайдалану қажеттігін түсіндірді: «Біздің ауданның мамандары бағдарламаға қатысты сауалдар бойынша түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Сонымен қатар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында бейнероликтер көрсетіліп, нұсқаулықтар таратылуда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен құрылыс бөлімі барлық сұрақтарыңызға жауап береді», – деп түйіндеді.

Әділет Айтахов ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алуға қажетті құжаттардың ті-зімімен және несиенің алғы-шарттарымен таныстырды. Алдағы уақытта бағдарламаға қатысты жаңалықтарды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті ақпараттарды жедел әрі толық көлемде ұсынып отыратындарын айтты.

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында басталған түсіндіру жұ-мыстары мамандар мен жергілікті халықтың қолайлылығы үшін барлық бөлімдерде, аудандық ауруханада, Мәдениет үйінде, мектептер және балабақшаларда жүргізілді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.