БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІГІ

2018 жылдың көктемінде Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялағаны көзіқарақты оқырмандардың есінде. Осы бес бастаманың алғашқысында Елбасымыз «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынған еді. Содан бері жер-жерде біршама түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Осы аптада аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аталған бағдарламаны талқылаған келелі жиын өтті. Аудандағы мекеме, ұжым қыз-меткерлері бас қосқан жиналысты жүргізген аудан әкімі Б.Тәнекенов алғашқы сөзді облыстан келген меймандарға берді. Өз кезегінде «ҚР Ұлттық Банкі» Алматы облыстық филиалы бөлімінің басшысы Б.Ди-ханшиев бағдарлама туралы толыққанды ақпарат берді. Бағлан Мұраталдыұлының айтуынша Алматы облысы әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық ұйымы арасында 2 млрд. теңгеге меморандумға қол қойылған, қазіргі уақытта  бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер жиналуда.

Ал ауданда бағдарламаны бюджеттік сала қызметкерлеріне түсіндіру мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылған болатын. Бүгінгі күнге дейін жасалған жұмыстар нәтижесінде осы бағдарламаға қатысуға 72 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 25 қатысушы екінші деңгейлі банкке жолдама алды, 13 адам кері қайтарылды. 1 адамның өтініші қаралуда, 11 адам жақын арада банкке барады. Қатысуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі Талдықорған қаласынан 44 адам, Қарабұлақ ауылынан 3 адам, Алматы қаласынан 1 адам тұрғын үй алуға ниет білдірген.

Бағлан Мұраталдыұлы бағдарламаның Алматы облысында өте баяу жүргізіліп жатқанын, халық саны басқа облыстардан бірінші орында болғанымен, бағдарлама бойынша 12 орында тұрғанын айтты. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы «Банк Центр Кредит» АҚ директорының орынбасары Азамат Хайрбаев керекті құжаттар тізімімен таныстырып, сұрақтарға жауап берді.

Осы бағдарлама аясында еңбек етуші әрбір мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкерлер тұрғын үйді жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын өсіммен ала алады. Алайда бағдарламада банк тарапынан несие алушыларға тиімсіз болатын шарттар легі бар. Осы мәселе төңірегінде Бағлан Сағындықұлы бағдарламаның сондай тиімсіз шарттарына өзгеріс енгізуді ұсынды.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.