АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Өткен аптаның соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылдың 12 айлық қорытындылары мен 2019 жылдың I тоқсанына  арналған міндеттері туралы мәжіліс өтті.

Аудан әкімі Бағлан Тәнекенов жиынның мақсатымен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Ахметов аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ел игілігі жолындағы игі істердің нәтижесі жайлы сөз қозғады.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 28 млрд. 115 млн. теңгені құрап отыр. Ал бюджет шығыстары 6 млрд. 407 млн. теңгені құрап, 99,4 %-ға орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8 млрд. 14 млн. теңгені құрап, нақты көлемінің индексі – 125,9 пайызға орындалған. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8 пайызға артып, 2886 бірлікті құрады, жұмыспен қамтылғандар саны 8136.

Өткен жылдың құрылыс жұмыстарының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 1 млрд. 270 млн. тенгеге артық орындалып, 2 млрд. 922 млн. теңгені құрады. Инфрақұрылымды дамыту бойынша ауданымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4 жобаға 22,5 млн. теңге бөлінді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 2018 жылы су жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту бойынша 408,5 млн. теңге көлемінде 4 жобаға қаражат бөлініп, орталықтандырылған су жүйесімен Көктөбе, Биғаш елді мекендері қамтамасыз етілді.

Мелькомбинат негізгі орта мектебінің және Рүстембеков атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын даярлауға 21,5 млн. теңге қаражат бөлінген.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында 220 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеріп, ел игілігін арттыру мақсатында мынадай міндеттерді іске асырамыз: Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру; Облыс әкімімен бекітілген ауданның басым іс-шаралар жоспарын орындау; Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобалар тізбесін қалыптастырып, инвесторлар тарту; Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, бөлінген қаражатты тиімді игеру; 7-20-25 бағдарлама шеңберінде тұрғын үй құрылысы жөнінде шаралар қабылдау; Ағымдағы жылы жоспарланған объектілердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу; Білім және медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау, кадр тапшылығын болдырмау жұмыстары басты назарға алынып, негізгі міндет ретінде қойылды.

Алима  НҮСІПОВА.