ЖІГЕРІ ЖАЛЫНДЫ, ҚУАТЫ ҚАРҚЫН ЖАСТАР

Жігері жалынды, қуаты қарқын, есілі жастар Ескелді ауданында Жастар жылының ашылу салтанатын өткізді. Оған аудан әкісі Бағлан Тәнекенов, аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев, «Нұр Отан» Ескелді аудандық филиалының бірініші орынбасары Дәулет Идрисов, ардагерлер ұйымының төрағасы Бимұрат Боранбаев және өзге де аудан әкімдігінің басшылары мен мамандары арнайы қатысты.

«Мәңгілік елдің жастары» атауымен өткен форумға еліміздің атын шығарып, ауданның намысын қорғап, оның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген жастар мен мектептің озат оқушылары өз белсенділіктерін жоғары деңгейде көрсетті.

Қонақтарды жастар флеш-моб биімен, орыс пен кәріс ұлтының ұлттық тағылымымен, домбыраның әуезді үні мен қазақтың жалынды жырларынан шашу шашып қарсы алды. Одан кейін көрмеге қойылған мектептердің робототехника кабинетінің үздік жұмыстары, суретші Болат Қастер мен қолөнер шебері Рауя Нұртілеудің еңбектері таныстырылды. Сақадай сай отырған қоғам белсенділері залдағы Led экраннан сырттағы көрініс пен көрмедегі туындылардың таныстырылымын бақылап отырды.

Ашылу салтанатында сөз алған Бағлан Сағындықұлы жиналғандарды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, аудан жастарының мүмкіншілігін арттыру мақсатында жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаев биыл жастардың тың ойлары мен күш-жігерлері мығым болып, бағындырар белестердің көптігін тілге тиек етті. Ауданның белсенді жастарының бірі, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының иегері, аудандық орталық аурухананың учаскелік дәрігері Дархан Нұрмадиев өзіне қолдау көрсеткен аудан басшылары мен халыққа алғысын білдірді. Сонымен қатар жас маман бағдарлама бойынша келетін жастардың санын көбейту ұсынысын аудан басшылығына білдірді.

Салтанатты шара соңы Мәдениет үйі өнерпаздарының әуезді әндерімен әуелеп, жалынды отшашуға ұласты. Елдің жарқын болашағы жолында бірлесе еңбек етіп, армандардың асқақ асуынан асатын жастардың жылы биік мақсаттарды бағындыруды көздейді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.