ЖҮРЕГІ ДЕ, ТІЛІ ДЕ ҚАЗАҚ

Бүгін – қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы жарасқан қазақ халқының мейрамы. 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурызды еліміздегі барлық этностардың бір-біріне және өздерін қабылдап, туғанындай мейірім көрсеткен қазақ халқына Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Бұл күн алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне сәйкес келуімен қатар суық ызғарды шығарып салатын жаймашуақ көктемнің алғашқы күнімен де ұласа кетті. Атаулы күн биыл елімізде төртінші рет тойланып отыр.

Алғыс айту күні жақсылық жасап, өзара ізгі ниет білдіргендер арасында ризашылығын танытып қана қоймай, ол Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күнін дәріптейтін бейбітшілік пен келісімнің айқын көрінісі болып табылады. Себебі, біздің ұлан-ғайыр жерімізде миллиондаған тағдырлар түйісіп, жүздеген этностар бір-бірімен араласып, олардың дәстүрлері мен ұстанымдары ұштасып, өзара тығыз байланысып жатыр. Бүгінгі күні олардың барлығының рухани дүниесі мен мәдениеті ұлт болып ұйысты, бірлігі болаттай берік қатайды.

Тарихи деректерді саралайтын болсақ, 1946-1950 жылдары Қазақстанға шеттен 1,5 млн-дай адам қоныс аударған. Оның жартысына жуығы күштеп көшірілген. Кезінде тағдыр айдап, осында келген отбасылардың біразы әлі күнге дейін Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Олар сол кездегі саясатқа өкпе артса да, қиын-қыстау кезде қол ұшын берген қазақ еліне алғыс айтады. Өздері аш-жалаңаш қиын жағдайда тұрмыс кешіп отырған қазақтар өзге ұлт өкілінің адамдарын мейірбандықпен қарсы алып, өздерінің үйінен орын беріп, балаларын бауырына басты. Бүгінде олар кезінде бір үзім нанын бөлісіп, пана болған, мейіріміне бөлеп, аштық пен суықтан қорғап қалған қазақ халқына алғыстарын айтудан жалыққан емес. Мағынасы терең мереке күні сол жылдардағы жақсылықты айшықтаудың керемет сәті туып отыр.

Сындарлы заманда қазақ халқымен бір шаңырақ астында өмір сүрген өзге ұлт өкілдері сол кезден бері Қазақстанда тұрақтап, біте қайнасып кетті. Ал олардың ұрпақтарының көбісі өздерін қазақ санайды. Өзге ұлт өкілі бола тұра жүрегі мен жаны қазаққа айналған жандардың бірі Наталья Андреевна Ыстыбаева (Смерлова). Оның ата-анасы тағдыр жазуымен берекелі қазақ отбасына түсіп, ол бауырларымен бірге қазақтардың ортасында өсіп ер жеткен. Көксу ауданында дүниеге келген Натальяға тілді үйренуіне алдымен анасы, сосын ортасы сеп болғанын айтады. Ол алдымен қазақ тілін, сосын орыс тілін үйренген. Оған қоса қазақша ойлайтынын жасырмады. Оның ойынша, қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін қазақы орта керек. Адамдар айналасындағылармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас орнатқанда ғана тілді тез меңгеруге болады деп есептейді. Бүгінде екі ұл мен бір қыз және одан тараған немере-жиендерді тәрбиелеп отырған Натальяның қазақ тілін еркін меңгеруіне де дәл осы қазақы ортада өскендігі әсер еткен.

Алғаш Наталья Андреевнамен байланысу үшін әлеуметтік желінің көмегіне жүгінген едім. Еш қатесіз, төл әріптермен (көбіміз 9 төл дыбыстарымызды басқа ұқсас дыбыстармен алмастырып жаза саламыз, мойындайықшы!) жазып, жауап қатып отырды. Қазір еліміздегі кез келген өзге ұлт өкілі қазақ тілін келсаппен түйгендей біледі. Бір жағынан оған таңданудың реті жоқ. Себебі, өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де меңгеруі заңдылық. Ал салт-дәстүр мен жора-жоралғыларды берік ұстанып, жан-дүниесін рухани байытып отыратын жандар саусақпен санарлықтай. Олардың бірі осы кейіпкеріміз.

Оның қазақи дүниетанымына шек келтірмеуге болады. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Наталья барлық әдет-ғұрыптарды бес саусақтай жетік біледі. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанда да тиісті жоралғыларды ретімен орындаған. Бүгінде отағасы қасында жоқ болса да қайын жұртымен қоян-қолтық араласып, келіндік міндетін мінсіз атқарып жүр.

Жаны жайсаң Натальямен әңгіме-дүкен құрған күннен кейін келесі күні оны суретке түсіруге бардым. Басына шәйі орамал тағып, иығына оюлы қамзолды асынған апамыз қонақ күтуге дайындалуда. Сақылдап жанып жатқан оттың үстіндегі қазанға мүшелеп бөлінген етін салып жатыр. Анау төргі бөлмеге жеті шелпегі мен бауырсақтарын жайып қойыпты. Мен бұл үйден берік достық ықыласты, ас-дәм берудің дастарқанын және көршісі айтпай кіретін қонақжайлылығын сезіндім.

Наталья бір сөзінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында деп білетінін айтқан болатын. Сондықтан ешкімді кеудесінен итермеген Қазақстанның мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түйсінеді. Ол іштей кең байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін меңгеруге тырысуы қажет деп үнемі ойлайды. Жарық дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылықтары бар екендігін айтты.

Қазақ елінің шексіз кең құшағында осындай жандар тұрады. Ата-бабадан қалған мирас құндылықтарды дүниетанымына молынан сіңірген Наталья өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен оның болмыс-бітімін барынша ашуға тырыстым.

P.S. Осындай нұрлы көктемнің алғашқы күнінде жылына бір рет болсын рақметімізді бір-бірімізге айта жүрсек екен. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жататынын естен шығармайық.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.