9 мамырда аудан тұрғындары, соғыс және еңбек ардагерлері Қарабұлақ ауылының орталық алаңында бас қосты. Мерекелік жиынға қатысушылар Ескелді би ескерткішіне және екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жерлес жауынгерлерге арналған тұғырға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жиналған жұрт қаза тапқан батырларды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Шараның шымылдығын аудан басшысы Рустам Али ашты.
— Қанша жанның тағдырын қиып, бірін – әкеден, бірін – бауырдан, енді бірін асыл жарынан айырған алапат майданның аяқталып, еліміздің көгінде Жеңіс туының салтанат құрғанына биыл 77 жыл толып отыр. Соғыс жылдары әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды. Жерлестеріміз ұрыстарда батылдық танытты. Ал тылда қалған қарттар, әйелдер мен балалар күні-түні аянбай еңбек етті. Біз – Жеңіске жеткен бабалардың ұрпағымыз. Сол алдыңғы буын – әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында бейбіт өмір сүріп келеміз. Сондықтан ардагерлеріміз мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де барлық құрметке лайық, — деді аудан басшысы.
Ыстық ықыласқа толы сөзін қорытындылаған аудан басшысы марапаттау рәсіміне көшті. Ұлы Жеңіс күніне орай ауған соғысының 20-ға жуық ардагеріне жастарға патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбегі үшін «Қара майор» төсбелгісімен марапаттады. Мереке концерттік бағдарламаға ұласты.
«Жаныңнан күдер үзе соғыспасаң, жауды күйрете алмайсың!» — дейді Бауыржан Момышұлы. Кешегі батырларымыз жанынан күдер үзсе де, жеңістен күдер үзген жоқ. Сол қайсарлықтың арқасында біз бейбіт күннің баласына айналдық. Кешегінің ұланы, бүгінгінің ұранына айналған қасиетті елдің батырлары ешқашан ұмытылмақ емес.
Арай Әлімжанова