Отты жылдардың өшпес ізі

Жуырда елімізде Жеңістің жетпіс жетінші жылы тойланады. Осы бір айтулы күнді біздің елден бөлек, соғыс зардабын тартып, жеңіске жеткен ТМД-ның тағы 10 елі қарсы алады. КСРО-ның сол кездегі жеңісі барлығымыздың есімізде, әрі жыл сайын бұл күн елеусіз қалмайды. Ал, сол жеңіс үшін Қазақстан қандай септігін тигізді? Ендеше сол туралы ой өрбітсек…
Соғыс ең алдымен әр отбасын асыраушысынан айырса, кейін, соғысқа жарамсыз отбасы мүшелерін тыл жұмысына салды. Деректерге сүйенсек, 1939 жылғы одақтық көлемдегі санақ бойынша, Қазақстан аумағында 6,2 млн адам тұрса, 1941-1945 жылдары қазақ даласынан 1,2 млн адам майданға аттанады. Ашаршылықтан енді көз ашып келе жатқан қазақ халқы ендігі кезекте сұрапыл соғыс алаңына тап болды. Сонда да мойымай жұртта қалған әйелдер мен балалар, ақсақалдар мен аналар тылда жұмыс істеуге аттанады. Олардың сол кездегі көмегін сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Жарымжан әйелдер мен қауқарсыз қариялардың арқасында Қазақстан майданға 500 мың тонна астық, 250 мың тоннадан астам ет, 2,5 млн. дана жылы киім жіберді. Одан бөлек тыл жұмыстарындағы қазақстандықтардан 480,3 млн. рубль соғыс техникаларын жасауға жиналды. Көрсетілген көмек осы ғана деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Еліміздің ең басты көрсеткен көмектерінің бірі — оқ жасап соғысқа жіберіп отыруы. Барлығымыз тарих, әдебиет сабағынан еститін мына бір дерек естеріңізде ме: «Жауға атылған он оқтың тоғызы біздің елде өндірілген». Қорғасын өнеркәсібі қажет ететін мыстың үштен бір бөлігі қазақ жерінде шығарылғандықтан, оқ дәрі өндіру ісі еліміздің Шымкент қорғасын зауытына тиесілі болды. Сондықтан елдегі тыл жұмысшылары азық-түлік, киім-кешектен бөлек оқ өндіруге өз көмектерін тигізді.
Тыл жұмыстарында тер төккен көптеген ұлы адам өз атын тарихта қалдырды. Олардың бізге белгілілері: Ы.Жақаев, Ш.Берсиев, Б.Самжүрекова, Ким Ман Сам, В.П.Кривич. Ал бізге белгісіздері қаншама?
Ендігі кезекте майданда Отан үшін күресіп, ел үшін жанын беруге дайын болған Кеңес Үкіметінің батырлары туралы сөз қозғасақ. 1941 жылы 22-маусымда Герман әскерінің Брест қамалына шабуыл жасауымен Ұлы Отан Соғысы басталды. Сол кезден бастап КСРО жауынгер жинап, тым жас ержүрек ұл-қыздарды ерте есейтіп, жанұям деп отырған аға буын өкілдерін отбасы ошақ қасынан айырып, майдан сахнасына аттандырды. Аз уақыт ішінде оларды мықты стратегия құра алатындай, өзін-өзі басқара алатындай, соғыс техникасына үйретіп, оқытып шықты. Жиналған жауынгерлер арқасында Қазақстан аумағында 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, олардан бөлек 50-ге тарта жеке полк пен батальон және 7 атқыштар бригадасы құрылды. Майданда ерлік көрсеткен қазақстандықтар қаншама. Ал өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуге тұрарлық кісілер деп Ж.Елеусізов, Б.Момышұлы, Б.Қаратаев, Т.Бигелдинов, М.Мәметова және Ә.Молдағұловаларды айтар едім. Нақ осы кісілердің арқасында, қазір аспанымыз ашық, бейбіт елде өмір сүрудеміз. Әрине, бұл батырларымыздың еңбегі елеусіз қалмады. Алғашқы «Алтын жұлдыз», «Ленин сыйлығымен» мараппатталған қазақ қыздары болып Әлия мен Мәншүк болса, «Кеңес Одағының Батыры» атағы ұлы атамыз Бауыржан Момышұлына берілді. Ал, Ж.Елеусізов Днепрді жау қолынан аман сақтап қалғаны үшін, қазақтардың ішінде ең жас «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленді. Соғысқа нүкте ретінде, Р.Қошқарбаев атамыз Рейхстагқа ту тігіп «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Майдан десе еске түсетін беделді кісілер міне осылар. Олардан бөлек миллиондаған қандастарымыз жау қолына түсіп, мертігіп, Отан үшін жапа шегіп қалды. Ұрыста әр жауынгердің орны бөлек болған, сондықтан Жеңіс күнінде әрқайсына тағзым ету біздің ұрпақ ретінде міндетіміз болып қала беруде.
Кеңес Одағы мен Германияның төрт жылдық соғысы нәтижесінде, немістер өз жеңісін мойындап, алдағы жылдарда қарсыласына контрибуциялық шығын төлеуге мәжбүр болады. 1945 жылдың 9-мамыр 00:43-тен бастап Жеңіс қызыл әскердің қолында болады. Уақыт айырмашылығына байланысты Еуропада Жеңіс күні 8 мамырда атап өтіледі. Бір сәтке сол кездегі жеңіс пен жеңілістің дәмін сезген екі елдің кейпіне еніп көріңізші. Бірі өз жеңістеріне сенімділік танытып, күресуді тоқтатпай, өзі күткен нәтижеге жетіп, төбелері көкке бір елі ғана жетпей қуанып отырса. Екіншісі соғыс салдарынан келген зардап шығынына сан жеткізе алмай, әскерлері үшін жүректеріне найза қадалғандай қынжыла қарап отыр. Бір жағынан қуансаң, бір жағынан көзіңе жас үйіріледі. Осы бір сұрапыл соғыс болмағанда қаншама ана баласыз, қаншама бала әкесіз, қаншама қыз ағасыз қалмас еді. Сондықтан, соғысқа қатысқан әрбір арадагерді құрметтейік. Ел аумағында олардың саны саусақпен санарлықтай ғана қалған шығар бәлкім, олармен тілдесе алатын, олардың бет-жүзін көрген біз соңғы ұрпақ екенімізді ұмытпайық. Оларды өмірлерінің соңғы жылдарында аялап өтейікші.
Сөз соңында айтарым, аспанымыз ашық, деніміз сау, бейбіт ел болып қала берейік. Жеңіс күні құтты болсын! Бабалар үні әрқашан жүректе!

Мөлдір Түктібай,
Титов атындағы орта мектебінің
10 «А» сынып оқушысы