Абзал аға еді-ау…
(Еске алу)

Уақыт өтеді, керуен көшеді. Алайда өткен уақыттың сарыны іспетті ыстық естеліктер жиі еске оралып, өтпелі күндерге жиі сапарлап тұратынымыз бар. Сондай қиял-естелік сапарларында сана төрінен сыйлас-сырлас болған бауырлар, ағалардың бейнесі көлбеңдейді. Мұндай кейіпкерлер шын мәнінде жетерлік. Олардың бірі де, бірегейі Ахметбек Ермұханбетұлы еді. Қолға қалам алып, көңіл пернесін ағытуға себеп – ағамыздың дүниеге келгеніне биыл жүз жыл толуы еді.
Елге сыйлы, халыққа құрметті болған Ахметбек Ермұханбетұлымен бір ауылда, бір көшенің бойында құдайы көрші болып елу жыл тұрыппыз. Оның үстіне «Октябрь» колхозында бірге жұмыс істедік. Оның ағалық, бауырлық, туысқандық қамқорлығын сезіндік. Ахметбек аға менен 24 жас үлкен болса да, сағымды сындырып, үлкендігін білдіріп, кіші көрген емес. Үнемі құрдасындай көріп, атқарар шаруаны ақылдасып, жүзеге асатын тірлікке кеңесіп жүруші еді. Өз заманында бақандай бір колхоздың экономист һәм прорабы болған Ахметбек аға қоғам өмірінен үнемі қалыс қалмайтын. Үнемі ізденіп жүруді құп көрді. Үнемі зеректікті, ізденуді жанына серік етіп жүретін. Кітап ақтарып, газет-журнал оқудан шаршаған емес. Содан болар ағамыздың бойында саясатқа да, философияға да, әлеуметтік мәселелерге де, тағысын тағы салаларға ден қойып, атаулы салалар бойынша өнегелі әңгіме өрбітуші еді. Оның ұлағатты жан екенін киім киісінен аңғаруға да болатын. Жейдесінің жағасы үнемі таза жүретін. Шалбары мен костюмінің қыры пышақтың жүзіндей үтіктеулі, мұнтаздай боп жүретін.
Ахметбек ағаның дауысы да зор еді. Қоңыр үнімен айналасындағыларды баурап алып, өзіне елітіп тұратын. Колхозда сан жылдар бойы экономист және бас экономист болып қызмет етті. Ауыл шаруашылығының маманы болған соң құрылыс жұмыстарын үнемі маған сеніп тапсыратын. Жоспар құрғанда да үнемі маған арқа сүйейтін. Өзі қағазға аса мұқият еді. Үнемі құжаттар мен қағаздарын ретімен орналастырып, жүйелі жұмыс істеуге дағдыланған.
Менің ойымша сол кезде колхоз экономикасына елеүлі улес қосты деп айта аламын. Біз өкшелес өсіп келе жатқан азаматтар, осы кісіден тәлім-тәрбие алдық осы кісідей болсақ деп өстік.
Ахметбек ағаның жары, құдай қосқан қосағы Сақыш апа да өте салиқалы жан еді. Бала тәрбиесінде баба дәстүрді жиі қолданып, отбасының тірегі — әке, керегесі — ана деген тәліммен ұрпақ өрбітті. Аға екеуі 50 жылдан астам отасып, күміс қасықтай 5 қыз, алтын асықтай 4 ұл тәрбиелеп өсірді. Өмір деген берері болғанымен, алмағы да болады. Ахметбек ағаның үш ұлы, Мұрат, Қуандық, Мұхтар қапияда дүниеден озды. Бәріне себеп – автокөлік апаты. Ал қалған ұрпағы әке жолын жалғап, еліміздің түкпір-түкпірінде ел тұтқасына айналып, халық мүддесі үшін қызмет етіп жүр. Барлығы дерлік жоғары білімді өз ісінің мамандары, қызы Мариаш – Текеліде қызметкер болып, елеулі еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан. Ал, Шакен есімді қызы әке жолын жалғап экономист болып қызмет етуде, Гүлжамаш қызы Астанада кәсіпкер, Қалиаш есімді аруы-Казмунай компаниясында бухгалтер. Асмаш осы ауылымызда жолдасы Ертілеу екеуі үлкен шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын өркендету жолында тер төгуде. Ұлы Әбіл шаруа қожалығымен айналысады, зейнеткер. Осындай зиялы ұрпақты ел қатарына қосқан Ахметбек аға 72 жасында 1994 жылы дүниеден озса, балаларының ақылшысына айналған Сақыш апа өткен жылы 90 жасқа келіп дүние салды.
Ағамыз да осал тұқымнан емес еді. Әкесі – Ермұханбет, шешесі – Қайма қарапайым шаруа еді. Қарапайымдылық шын мәнінде бекзадалық дегенге саяды. Ұрпағын саналы етіп, ел қатарына қосқан мұндай азаматтар қалай осал болсын. Ермұханбет әкеміз бен Қайма анамыз дүниеге төрт ұрпақ әкеліп, оларды қатарға қосыпты. Асыл әке-анамыздың шаңырағы Биғаш ауылында болыпты. Бұл отбасының үлкен баласы білімді кісі болған. Партияға адал қызмет етіп, ел мүддесі үшін аянбай тер төкті. Інісі Әмірқұл қара шаңырақта болып, ауыл мектебінде зейнетке шыққанша ұстаздық етті. Ал ағаның қарындасы Нұржеке көп балалы ана болып, үй шаруасымен айналысып, анадан көрген тәліммен саналы ұрпақ тәрбиелеуге ғұмырын арнаған.
Көршім Ахметбек аға 1922 жылы желтоқсанда Биғаш ауылында туған. Балалық шағы сол ауылда өткен. Шұбар мектеп-интернатында оқып, 1936 жылы алтын медальмен бітіреді. Кейін Талғар техникумында оқып, есепші-экономист мамандығын алып шығады. Содан кейін Алматы мемлекеттік муғалімдер институтында оқып бітіреді. Соғыс басталып 1941 жылы әскерге шақырылады. Жеделдейілген әскери офицер мектепке оқып, жаттығып кіші лейтенант әскери шенін алып шығады. 67-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясында политрук қызметін атқарады. Әрі аға атқыш міндетін атқарады. Соғыс майданында көптеген шабуылға қатысады. Соғыс аяқталғанда Ұлы отан соғысының 2-дәрежелі орденімен, әскери қызметі үшін және Германиядан жеңіс үшін, көптеген мерейлі дата медалдарымен марапатталған. Ахметбек аға жеңіс туы желбіреп, фашизм оты өшкенде елге аға лейтенант шенінде оралды.
Ағаның туған жылынан бері қарай зер салып қарасақ, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйе, Ұлы Отан соғысы, мұның бәрі, қазақ жеріне, қазақ еліне ауыр жара салды. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Осының барлығын басынан өткізген Ахметбек ағаға және де сол заманның кермек дәмін татқан ағаларға, аталарға бүкіл қазақ еліне ризашылығымды білдіремін.
Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол ел тағдыры жолында қазақ бабам не көрмеді. Еліміздің басынан азат та, аштықта, сұм соғыс та өтті. ХХ – ғасыр қазақ халқы үшін ауыр болды, қайғыға толы кезеңмен есте қалды.
Ахметбек ағамыздың балаларына, келіндеріне, немере-шөберелеріне үнемі айтатыным «осындай азаматтың ұрпағы болғандарың үшін мақтаныңдар, себебі абзал аға өте білімді, тәрбиелі, өнегелі адамгершілігі мол, сыйласа білетін кешірімді тұлға еді.

Жеңісбек Шаяхметұлы,
жұмыстасы, көршісі
Жалғызағаш ауылы.