Ерлер барда ел еңсесін тіктейтін…

7-мамыр еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ның мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағынада орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Өз елінің, өз жерінің тыныштығын күзеткен тарландардың төл күні жыл сайын Республика көлемінде жоғары деңгейде атап өтіледі. Біз де мереке қарсаңында аудан тұрғындарының алаңсыз ұйқысына кепіл болып, ішкі тыныштықты күзетіп жүреген сала мамандарымен, сақшылармен тілдескен едік.
Алғашқы кейіпкер – аудандық 23-Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұржан Сағындықов. Кейіпкеріміз бала күнінен көгілдір экранның арғы жағында қызметін қалтқысыз орындап жүрген өрт сөндірушілерге қызығып өскен. Бала арманы бозбалаға қанат бітіріп, бүгінде сала маманына айналды.

— Мен нағыз ер-азаматқа тән жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандықты таңдадым. Әр күн сайын өлім мен өмір арасында жүретін жауапты қызмет мүлт кетуді кешірмейді. Құрал-саймандарымыз сақадай сай тұруы керек. Бүгін де біздің бөлімде 23 маман қызмет етеді. Сонымен қ атар, 3 техника мен 1 көмекші техника бар. Өрт сөндіру көлігіне 5 мың литр су сияды, кейде өрт сөндіруге судан бөлек пена және порошок қолданамыз. Біз әрдайым төтенше жағдайға дайын тұрамыз. Өрт жайлы қоңырау түссе 1-минуттың ішінде шығып кетеміз. Әрине басында қорқыныш сезімі болатын, десек те қарапайым халық алдындағы жауапкершілігім бойымдағы батылдықты шыңдады, — дейді Нұржан Сағындықов.
Отан қорғау — тек әскердің ғана міндеті емес, әр азаматтың міндеті. Әр азамат азат елінің маңгілік болуын қалайды. Сол үшін әр азамат азаттығымызға, елдің тұрақтылығына, мемлекетіміздің гүлденіп дамуына, тұрғындарымыздың денсаулығына зиян келтіретін әрекеттің барлығына қарсылақ көрсетеді. Денсаулық демекші, дұшпаннан келетін қатерден елін, отандасын әр азамат қорғаса, ал адамның ағзасындағы ақаудың алдын әр адам ала алмайды. Оған арнайы маман керек. Бүгінгі төл мерекеде медицина саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар жайлы сөз қозғамасақ болмас. Облыстық 103-жедел жәрдемнің Ескелді аудандық бөлімінің фельдшер маманы Нұрсат Сейдахметов те осы тізімде. Жедел жәрдем десе жүйрік ойға қандай картина елестейді? Қай жеріміз ауырса, жанымыз сол жерде тұрады. Ауру мазалап, денемізден ыстық көтерілсе, дереу жатталып қалған сол бір нөмірге жүгінеміз. Тезірек «103-ке» қоңырауды шалсақ, «дерттің дауасы» жететіндей. «Жедел жәрдем» жеткенше жан шүберекке түйіліп, жүрек ауызға тығылады. Көз сағатта, назар есікте. Сіз бен бізге алғашқы мадициналық көмекті беретін фельдшер күн сайын Отанын қорғап жүр десек дұрыс емес пе?!

Жедел жәрдем – бұл науқас адаммен ең бірінші болып бетпе-бет кездесу, алғашқы шұғыл көмек көрсету. Ең алғаш науқас адам жедел жәрдемге қоңырау шалады. Науқастың жағдайын анықтап, диагноз қоятын да біздер. Сол диаг-нозбен ауруханаға жеткізгенге дейін көмек көрсету – міндетіміз, науқастың шағымымен, сыртқы бақылауымызбен қалай отыр, өзін қалай сезінуде және де қан қысымын тексеру арқылы диаг-ноз қойып анықтаймыз. Жедел жәрдемде жұмыс істейтін қызметкер ең алдымен батыл болуы керек. Сондай-ақ адамдарға жанашырлық танытуы тиіс. Тәжірибе уақыт өте келе толығып қалыптасады. Және жылдамдық, іскерлік аса жауапкершілік болуы міндет, — дейді фельдшер маман Нұрсат Сейдахметов.
Әр азамат бәсекеге қабілетті, өз саласында білікті маман болуы арқылы да Отаннын қорғайды. Бүгінгі заман талабына сай Отан қорғаудың басты қаруы білім мен ғылым. Әр азамат білікті де, білімді болса кез келген салада қазақ мүддесін қорғап қалады. Сонымен бірге Отанды қорғау халықтың бірлігі мен азаматтардың жауапкершілігі. Отан қорғаудың
басты қаруы білім мен ғылым, береке мен тәртіп екенін билығы әлемге тараған пандемия, коронавирус кезінде де көрдік. Коронавирустан Отанымызды қорғап қалуда еліміздің, азаматтарымыздың бірлігі, денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігі мен қажыр қайраты, елдегі қауіпсіздік күштерінің тәртіпті қадағалауы бір-бірін толықтырды. Қауіпсіздік күші дегенім кімді меңгезенім? Әрине — полиция қызметкерлері. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттері заңмен өлшенеді. Оның үстіне айрықша нысандағы кәсіптің иесі саналатын тәртіп сақшыларына халық тарапынан қойылатын талап та өте жоғары. Көрер көзге полицияның адамгершілік бейнесі орнықты, рухы мықты екені айқын. Бүгінгі кейіпкеріміз де аудандағы тәртіпті қадағалауды басты назарға алған жан. Ол — аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы Лашын Оқас. 1999 жылы дүние есігін ашқан ұл бала бүгінде полиция қызметкері.

— Антына адал, табандылықпен қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері ауданда жетерлік. Қызмет қауырт, сондықтан жетістік те жеткілікті, айтылар сын да аз емес. Шынайы сынның жөні бөлек. Ең бастысы, полиция мамандығына жүрек қалауымен келу керек. Осы мамандықты таңдаған жастар алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп алуы керек. Тәртіп сақшысы болу шыдамдылық пен ерекше төзімділікті талап етеді. Елдің елдігін қадағалап, ішкі тәртібін бақылап отыратын полиция қызметкері болу – абыройлы іс,- дейді маман Лашын Оқас.
Елі мен жері үшін от пен суға да түсуге дайын азаматтардың бойындағы патриоттық тәрбие мектеп қабырғасынан қаланатыны сөзсіз. Келесі кейіпкеріміз Байысов атындағы орта мектептің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Меир Дабыров. Бала күнінен әскери қызметкер болуды армандаған кешегі бүлдіршін, бүгін өзі бүлдіршін тәрбиелейтін маман. Мектептің жүрегі. Жүрегіне жақын тартқан салаға келуді мақсат еткен бозбала өзінің қайсар мінезінің арқасында бүгін әскери мінезді шәкірт тәрбиелеуде. Адамның табандылықпен алдына қойған мақсатына жетуі немесе қандай да сындарлы сәттерде төзімділік, ұстамдылық көрсетуі, ұтқыр шешім қабылдауы нағыз мінездің көрінісі болса керек. Дәл біздің кейіпкер сынды. Осы талпынысы мен мінезі ақыры жас жігітті өзі білім алған мектепте әскери білімнің ұстаздығына алып келген.

Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Әскери тәрбие де дәл солай. Мектеп қабырғасынан әскери-патриоттық тәлім беру арқылы, баланың үлкен өмірге деген көзқарасын ал, бозбалалардың әскерге деген жағымды ойын қалыптастырамыз. Менің бұл салаға келгеніме 2-жылдан асты. Әрине, бастапқы кезде қиын болды. Бірақ өзім оқыған мектеп, өзім жақсы білетін орта, маған білім берген кешегі ұстаздарым болғандықтан әріптестерімнің арқасында бірден осы ортаға сіңіп кеттім, — дейді педагог маман Меир Дабыров.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» — деген қазақ атам. Батырлар жауға елі мен жерін бермей сұрапыл соғыстарда Отанын, туған жерін жаудан жанқиярлықпен, асқан ерлікпен қорғай білді. Отан қорғауда, жалпы тіршілікте ер-азаматтардың орны бөлек. Олардың күш-жігеріне, ақыл-парасатына бүкіл әлем бағынған, бағынады да! Сондықтан халқымыз «Жердің қорғаны, елдің тұтқасы» деп ерекше ардақтаған.

Ал ақын Мұхтар Шаханов:
…Жердің аман тұрғандығы,
Сол намысқой еркектердің арқасы…
Немесе:
…Қайғы келсе жеңілмейтін,
Бақыт келсе, семірмейтін,
Ер мінезін қадірлейтін,
Еркектердің даңқы артсын!
— деп жырға қосқан.

Арыстан келбетті, жолбарыс жүректі, қырандай қырағы, намысқой, ер мінезді азаматтарымызға жігерлеріңіз мұқалмасын, асқақ шыңдарды бағындырып, қонар тұғырларыңыз биіктей берсін демекпіз!

Арай Нұржанқызы