Ынтымақ пен бірлік туы желбіреді

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Осы тұста мамыражай көктемнің мамыр айымен бірге келетін алғашқы мереке татулық пен бірліктің иісін аңқытып тұрады.
130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты. Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына ұйытқы болды. Кешегі даналық бүгінгі дүбірлі тойдың бастауы еді. Әр жыл сайын отандастарымыз 1-мамыр күні татулық пен ынтымақтастықты тойлайды. Киелі Ескелді жері де татулық мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Шараға жиналған аудан жұртының қарасы көп болды. Бірі – бүлдіршін ертсе, бірі – дүбірлі тойға қарай асығып келеді. Шараның шымылдығын аудан әкімі Рустам Али ашты. Жиналған қауымғы ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдірген аудан басшысы, мерекенің мезіретіне де тоқталып кетті.

— 1-мамыр – көп ұлтты Қазақ елі үшін маңызды даталардың бірі. Халықтар достастығы, ынтымақ пен бірлік күні. Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген Қазақстан үшін бұл күннің орны ерекше. Міне, киелі Ескелді жерінде де жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандар жиналып, айтулы мерекені тойлап жатыр. Бірлігіміз мәңгі мығым болғай, — деді аудан әкімі
Рустам Али.
Сөзін қорытындылаған аудан әкімі белсенді жандарға алғыс хат табыс етті. Ізгі тілекпен басталған мейрам, концерттік бағдарламаға ұласты. Түрлі ұлыс өкілдері ән айтып, би билеп, мереке көркін қыздырды. Шараға жиналған жас та, бала да, қарт та разы болды.

— Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, халқымыз әрқашан бейбітшілік пен келісімде өмір сүрген. Достықтың арқасында бүгінде тұрақтылық пен үйлесімділік орнады. Бүгін біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бағыт елдегі тұрақтылықты, этносаралық құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған. Өзара сыйластық, тәртіп пен тұтастық – бұл әрқайсысына өзінің азаматтық борышын орындауға көмектесетін өлшемдер деп санаймын, — деді аудан тұрғыны Сәуле Бәміш.
Елінің басына күн туған қиын-қыстау заманда қазақ жеріне түрлі ұлт өкілдері табан тіреп, киелі мекеннен пана тапты. Бауырмал қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласты. Сөзіме дәлел болған айтулы мерекенің бәсі биік. Тойы да жоғары деңгейде өтті. Ал кешке орталық алаңда үлкен экранда кино көрсетілді. Киносүйер қауымның қуанышы да жылы күннің лебіндей сезіліп-ақ тұрды.

Арай Әлімжанова