АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

Сұрапыл соғыста қаза тауып, жан жарасы мен тән жарасын алғандар аз емес. Отан алдындағы борышын жат жерде өтеп, ерлік үлгісін көрсеткен азаматтар  батырлық пен өршілдіктің жарқын бейнесі.

Биыл – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл. Соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерді ардақтау мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 15-603 әскери бөлімінде үлкен жиын өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев жиынды салтанатты түрде ашып, жат елде қаза тапқан есіл ерлердің ерлігі жайлы сөз етті. Келесі кезекте құттықтау сөзбен ардагерлерді марапаттау рәсімі аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Алпысбаевқа берілді. Қуат Майнұрұлы зұлмат соғыста ерлікпен жан тапсырған ерлерді еске алып, соғыстан елге аман оралған ардагерлерді алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар аудандық 15-603 бөлімінің командирі Билял Узбеканов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Медет Тұрскелдиев, әуе қорғаныс күштері қолбасшысының материалдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, полковник Мұратхан Жұмағазиев, Талдықорған гарнизонының прокуроры Есжан Сыбанбаевқа құттықтау сөз берілді. Олар ардагерлеріміздің баға жетпес ерлігі жайында сөз қозғап, салтанатты жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ауданымыздан Ауған соғысына қатысып, жаудың бетін қайтарып, ерлікпен қаза тапқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – Сәбит Оразбеков. Азамат  Отан алдындағы борышын адал атқарып, жаудың қолынан қаза тапқан. Салтанатты жиынға осы кісінің анасы арнайы шақырылды. Қ.Түгелбаева жиылған қауым алдында сөз сөйлеп, батырлық танытып, жат елдің мүддесін қорғап, өмірдің тәтті дәмін тата алмай, дүниеден ерте озған баласын еске алды. «Бейбіт аспан астында өмір сүріп, соғыс болмай, аспанымыз ашық болып, ту көтеріп, бәйгеге шабар азаматтарымыз көп болсын», деген тілегін білдірді. Қаһармандық пен ерліктің иесі атанған ердің   анасына гүл шоғы мен сыйлық табысталды.

Соғыста жан тапсырған ерлердің рухына тағзым ету мақсатында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, мылтықпен аспанға залп атылып, бір минуттық үнсіздік орын алды. Сондай-ақ ардагерлердің құрметіне шағын концерт ұйымдастырылып,  әннен шашу шашылды.

Соғыста батырлық пен батылдық танытып, жауға қарсы шауып, кеудесін оққа төсеп, ерлікпен қаза тапқан азаматтардың баға жетпес ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Алима НҮСІПОВА,

Салтанат БЕГЕНОВА.