«СЫБАҒА» МЕН «ЫРЫС» — ТАБЫСТЫ БАҒДАРЛАМАЛАР

Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» мен «Ырыс» бағдарламалары – ауылдағы мал өсіріп отырған, оның басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік. Бұл бағдарламалар шаруашылықтағы, жеке мал иелеріндегі жергілікті малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы мүйізді ірі қара малының ет өнімділігін арттырып, еттің өзіндік құнын арзандатуды, мал басын өсіріп, мал шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді.

 Аталған бағдарламалардың маңыздылығы мен тиімділі-гін халыққа кеңінен түсінді-ру мақсатында «Ауыл шаруа-шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы филиалының директоры Мәди Ибадуллаев осы аптада Ескелді ауданына тікелей бет бұрған болатын. Бір айта кетерлігі, Мәди Ибадуллаұлы ауыл шаруашылығын  қолдауға ба-ғытталған бағдарламаларды ха-лыққа кеңінен насихаттау үшін жыл сайын аудан орталығына келіп, несие алуға өтінішпен келген жеке азаматтар мен шаруа қожалықтарының иелерінің сұрақтарына жауап беріп отырады. Сонымен қатар бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Керікбаев пен бөлімнің мамандары, ауыл әкімдері, шаруа қожалығының басшылары және жеке кәсіпкерлер қатысты.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» директоры Мәди Ибадуллаев биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасымен қатар «Ырыс» бағдарламасының шарттары жайлы тұрғындарға түсіндірді. «Сыбаға» бағдарламасы мүйіз-ді ірі қара мал өсіруге және мүйізді ұсақ мал сатып алып өсіруге негізделсе, «Ырыс» бағдарламасына берілетін қаражат ірі қараның сүтті асыл тұқымды аналық мал басы мен қажетті техника, құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталады. Қуантарлығы, екі бағдарлама аясында да берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, ал қайтару мерзімі ұзақ. Несие тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы мал санын көбейтетін жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге беріледі.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы елімізде таяудағы бес жылдың ішінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту міндетін қойып отырғаны белгілі. Мал шаруашылығының өнімдері арқылы әлемдік нарықта бәсекелестікке түсу үшін «Сыбаға» мен «Ырыс» бағдарламалары қолға алынып отырғаны да сондықтан. Алдағы уақытта осындай түсіндіру жұмыстары жалғасын тауып, жергілікті халық үшін барлық жағдайлар жасала бермек.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.