Бұрымды былғары қолғап шебері

Қазақ қыздары қай кезде де спортта биік белестерді бағындыра алды. Сол бұрымдылардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері де бар. Осы ретте елімізді әлемге танытқан және жат жұртта жүріп-ақ топ жарған қазақ қыздарының тізіміне енген Ескелділік ару туралы сөз қозғамақпыз. Көк туымызды әлемдік аренада желбіретіп жүрген ақылына көркі сай бокс сүйген бойжеткен Құралай Егінбайқызының бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз Құралайдың жасы небәрі 15-те. Бала күнінен киелі Ескелді жерінің көк майса шөбіне аунап өскен қыз бала Сырымбет ауылында тұрады, сол елді мекендегі Жақыпбаев атындағы орта мектептің 9-шы сынып оқушысы.

Отбасымыз үнемі салауатты өмір салтын ұстанып жүреді. Өзім де спортқа бала күнімнен жақынмын. Былғары қолғап киіп, өзімді бокста шыңдап жүргеніме төрт жылдан асты. Осы жолда талмай шыңдалуыма жаттықтырушым Серік Бейспековтың төккен тері мен еңбегі зор. Спортқа келген сәттен көп ұзамай алғашқы жарыстар басталды. Ең алғаш рет Еңбекшіқазақ ауданында өткен жарыста додаға түстім. Айтулы аймаққа 2 рет табан тіредім. Алғашында жүлделі 3-орын иемденсем, 2-сайыс-та үздік деп танылдым. Талдықорған қаласында өткен бірнеше жарыста бой көрсетіп, облыстық жарыстардың барлығында дерлік жүлделі 1-орын алдым. Мақтаралға барып үздік екенімді дәлелдеп келдім. Иә, Дәкен Смағұлов, Ермахан Ибраимов атындағы өткен додаларға да түсіп, жүлделі 1-орынды иемденіп жүрдім. Мен үшін үлкен жетістік болған ол жуырда ғана өткен Азия Чемпионаты. Иорданияда өткен чемпионатта да қазақ спортшыларының үздік екенін дәлелдеп, 1-орын иемденіп қайттым. Осы жеткен жетістіктерімнің барлығы үшін жаттықтырушыма басымды иемін,–дейді Құралай Егінбайқызы.
Киелі жерде туған спортшы қыз еліміздің көк туын әуеде желбіретіп, ата-анасының, ұстазының үмітін ақтап, ел намысын шетелде қорғап, биік шыңдардан көрінуді мақсат тұтқан жан. Біз де спорт сүйген аруға толағай табыс тілейміз!

Арай Нұржанқызы