«Балалар жылы» — басты назарда

Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың қарапайым қара балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асқақтатып жүргені ақиқат. Бірі-өнерімен, бірі-спорт саласында, бірі-дарындылығымен таңдай қақтырып жүр. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, Республика деңгейінде дарындылар қатарына қосылды. Иә, қай кезде де мемлекет болсын, ата-ана болсын баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «2022 жыл – Балалар жылы» деп аталды. Яғни, барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінеді. Бала десе ойға бірден мектеп, ұстаз оралады. Күнінің көп бөлігін ұлағатты жанның қасында өткізетін шәкірт үшін ұстаздың да рөлі ерекше. Балалар жылында білім ордаларының атқарып жатқан шаруалары да жоқ емес. Осы тұста аудан орталығында орналасқан Алдабергенов атындағы орта мектебінің облыс көлемінде ұйымдастырған семинары жайлы сөз қозғамақпыз. Семинар «Оқушыларды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу: ізденіс, идеялар, механизмдер,жүзеге асыру тәжірибесі» тақырыбында өтті.
Шараның мақсаты: жасөспірімдердің патриоттық санасын кеңейту, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, мектептің тәрбие кеңістігіндегі жұмыс жүйесін насихаттау.
Аталмыш семинарға ауданымыздың негізгі және орта білім беру мектептерінен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, Алматы облысының түкпір-түкпірінен сала мамандары келді. Білім саласының үздіктерін жинаған жиын ерекше көңіл-күймен басталды. Мектеп оқушыларының патриоттық биін тамашалаған қонақтар үшін де, жалпы семинар қатысушылары үшін де жиын жақсылық жаршысындай болып тұрғаны анық.
-Мектеп партасында отырған әрбір баланы білімді, дарынды, өнерлі, интеллектуалды етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспейді. Ең алдымен, «Балалар жылы» аясында жас балғындардың барлық жағынан дамуына жұмыс жасалуы тиіс. Бұл ретте, кәсіби тұрғыдан шыңдалған, білімі жетік подагогтарды тарту маңызды. Негізінде барлық мектепте оқу жылы барысында балаларға арналған кешінді іс-шаралар қамтылатыны сөзсіз. Бүгінгі семинар да балалар үшін жасалатын кәсіби және игілікті істің бір көрінісі,-дейді аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Шолпан Жаканова.
Диалог алаңындағы педагогтердің жағымды сырласуынан кейін, Е.Степаненко 10-сынып оқушыларына «Тұлға қалыптастыру» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Педагог-психолог маман М. Ли жағымды ахуал орнату жаттығуларын жүргізді. Содан соң шара қонақтары оқушылардың жобалық жұмыстарын тамашалап, патриоттық тәрбие станциялары бойынша саяхат жасады. Жиынның көркін кіргізген әрине Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған әдеби кеш. Ұлт ұстазына арналған кештің мәні де өтуі де ерекше болды. Рухани кештің жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Семинар соңында қонақтар шағын сергіту ойындарын өткізіп, кофе-брейкке аттанды. Келелі жиынның білім саласының үздіктері үшін өзгеше болғаны жылы лебіздерінен білініп тұрды. Балалар жылына орай ұйымдастырылған іс-шара тиісті деңгейде өтті.

Арай Нұржанқызы