КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

2017-2021 жылдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі құрылымындағы үш компания жұмыс істейді – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, несие серіктестері мен микроқаржылық ұйымдарды қорландыру жолымен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды несиелендіру бағытында «Аграрлы несиелік корпорация» АҚ, ауылдық жерлерде  және шағын қалалардағы қолданыстағы бизнесті ұлғайту және кәсіп бастаушы кәсіпкерлерге стартап ашуға бағытталған микронесиелер мен несиелерді кепілдендіру бағытында «ҚазАгроГарант» АҚ. Соның ішіндегі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» жергілікті тұрғындарға жасап отырған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тиімді шағын несиелендіру жүйесін дамыту арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін құрылып, бүгінгі күні көптеген кәсіпкерлерге кәсібін дөңгелетулеріне зор септігін тигізіп отыр.

Әлеуметтік мақсаттар мен шығынын өтеуді үйлесімді ұстап отырған қаржылай қолдау қоры ауыл халқына және ауылдық кәсіпкерлерге қаржылық қызметін жүргізу үшін бірнеше бағытта жеңілдетілген пайызбен несие береді. Олардың қатарында «Ауылдық шағын несие», «Шағын несие ұйымдарын ресурстық қолдау», «Сыбаға», «Егінжай», «Бизнес-аймақтар» және «Жылыжай» сияқты бағдарламар өз жұмыстарын сәтті жүргізуде. Солардың ішінде «Ауылдық шағын несие» ауыл тұрғындарын тікелей шағын несиелеу бағдарламасы 2005 жылдан бастап мал шаруашылығын өркендетемін деген ауыл тұрғындарына жеңілдікпен несие беруде.

Биыл аудан бойынша 22 кәсіпкер қаржылай қолдау қорынан 61 100 000 теңгеге несие алып, жұмыссыздық деңгейін азайтып отыр. Жалпы аудан көлемінде өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 160 адам бизнестің қыр-сырын меңгеріп, уақытында шәкіртақыларын алып, нәтижесінде 46 адам жеке кәсібін бастап кеткен болатын. Міне, осы аталған кәсіпкерлердің 22-сі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 6% жеңілдікпен несие алып, мал шаруашылығының өсіп-өнуіне айтарлықтай нәтижелерін беруде.

Солардың бірі Нұрдания Тұрсын есімді Екпінді ауылының тұрғыны. Ол қаржылай қолдау қорынан 4 млн теңгеге несие алып, 14 бас ірі қара сатып алған. Осы уақытқа дейін үйде жұмыссыз отырған азамат алғаш «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының есігін ашып, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алған екен. Нұрдания ағамызбен тікелей сұқбаттасу мақсатында Екпінді ауылына барып, жағдайын біліп қайттық. Бүгінгі күні ағамыздың өзіне ғана емес, оның жұбайына да жұмыс табылып отыр. Нұрдания Тұрсын алдағы уақытта алған малынан қомақты табыс табуды көздеп отыр. Онымен қоса «Ауыл шаруашылығын қолдау қорының» несие шарттары қолайлы екенін айтты. Қордан алған несиенің биыл тек пайыздық үстемақысын төлеп отыр екен, ал алдағы жылдары несиенің негізгі берешегін төлеуге мүмкіндік алып, осындай жобалар халықтың жағдайына тиімді орайластырылған екен.

Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік несие пайызының төменділігімен шағын несиелер беру арқылы ауданында жұмыссыз азаматтардың санын азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге зор септігін тигізіп отыр.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.