Жарқырай бер, «Алтын күн!»

«Бала- өмірдің айнасы» дейді  дана халқымыз. Сондықтан да еңселі еліміздің жарқын болашағы жас ұрпақ мәселесі қай заманда болмасын ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Қазіргі жас ұрпақты саяси қоғамға сай қылып тәрбиелеу керек. Себебі, еліміздің ертеңі осы жас өркендер. Еліміздің болашағы солардың қолында. Оларды тәрбиелеу жауапкершілігінің салмақтысы ұстаздар мен тәрбиешілер мойнында екені баршамызға аян. Бала-тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның  да,  мектептің де алдыға қойған мақсаты біреу, ол — заманына лайық ұрпақ тәрбиелеу.

Балаға айналасындағы өмір шындығының әсері мол. Олар айналасындағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Сол себептен тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Балабақшаның бұл орайда тәрбиесінің орны ерекше болады. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашақ айтуға, кез келген ортаға еркін енуге үйренеді. Балабақша баланың жүйелі түрде білім тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы болып келеді.  Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға нақтырақ айтар болсақ ұстаз бен тәрбиешіге де байланысты. Білікті маман иелері жас ұрпақты білімді, жан-жақты дамыған, адамгершілігі мол, өз елінің патриоты етіп  тәрбиелеуге талпынады. Жас ұрпақтың қызығушылықтарын арттыру мақсатында балабақшада ертеңгіліктер, тәрбие сағаттары, түрлі байқаулар өтіп тұрады. Сондай байқаудың бірі Қаратал орта мектебінің шағын орталығында тәрбиешілердің ұйымдастыруымен  Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арнап «Жарқырай бер «Алтын күн» атты тақырыппен асфальтқа сурет салу байқауы 4-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында өтті. Байқаудың мақсаты туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып келсе, міндеті: жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятың достыққа, адалдыққа адамгершілікке, тәрбиелеу болып келеді. Байқау барысында балаларға қазақ елінің аспанында әрқашан күніміз жарқырып тұрсын. Ел іргесі тыныш, бейбітшілікте болсын деп, бақытты балалық шақтары бейбіт өмірде өтсін деп айтылып өтті. Түрлі түсті борлар мен әр бала өзінің шығармашылықтарын дамыта отырып, қалаған суреттерін салады. Бұл күн естерінде қалсын деген мақсатпен тәрбиешілер жақсы сурет салған балалар мақтау қағаздармен марапатталды.

Сол күнгі аспандағы «Алтын күнің» сәулесі әр баланың жүрегінде  ұмытылмас жылу қалдырады деп үміттенеміз.

М. ҮйсІнбаева, А. ДҮЙСЕБАЕВА,

Қаратал орта мектебі  МДШО мен КММ-нің шағын орталық тәрбиешілері.