ЖЕЛБІРЕ, ЖЕҢІС ТУЫ!

Борышы мен намысын бойына серік етіп, адалдықты, адамдықты ту еткен абзал азаматтар әрдайым ел есінде, халық жадында. Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктері мен қайтпас қайсарлықтары халқымыздың жүрегінде мәңгі сақтаулы. Адам баласына үлкен қасірет әкелген, адамзатты зұлматтан құтқаруда өшпес өнеге көрсеткен сіздерді кейінгі ұрпақ еш уақытта ұмытпайды.

 Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Желбіре, Жеңіс туы!» атты салтанатты жиын ауылдық округтердің барлығында дүркіреп өтті.

Қоңыр ауылдық округі Мәдениет үйінің ескерткіштер алаңында өткен мерекелік іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагері Х.Күмісбеков пен тыл еңбеккерлері арнайы шақырылды.

Мектеп оқушылары шерумен келіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Жиналған қауым бір минуттық үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза болған барша майдангерлерді еске алды. Ауыл имамы қаза болған майдангерлерге арнап, құран бағыштады. Ауылдық округ әкімі А.Е.Құлахметов ардагерлерімізді төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына бақ-береке тілеп, сыйлықтар тапсырды.

Шараның соңы мерекелік бағдарламамен жалғасып, ән мен жырдан шашу шашылды.

Төлеңгіт ауылдық округі Жетісу ауылының Мәдениет үйінің жанында

орналасқан «Отан үшін от кешкендер» атты обелискісіне гүл қою рәсімімен басталды. Жұртшылық Ұлы Отан соғысында елге оралмай қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ауылдық округ әкімі Қ.Сатанов әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытылмайтынын айтып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

Шара соңы Жетісу орта мектебінің 8 сынып оқушылары дайындаған мерекелік бағдарламамен жалғасты.

Бақтыбай ауылдық округі Мәдениет үйінің алаңында да Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік жиын жоғары деңгейде өтті.

Ауылдық округ әкімі Е. Ақылбеков пен тыл еңбеккерлерінің бастауымен соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Мектеп оқушыларының дайындаған «Бейбіт елдің балалары» атты мерекелік концертімен жалғасын тапты. Мектеп ұстаздары мен оқушыларының ұйымдастыруымен салтанатты шеру өтті.