Бала тілінің мүкістігін ұлттық ойындар жояды

Ұлттық ойындар ата-бабамыздан бізге қалған байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан үйренудің күнделікті тұрмыста пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. В.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: Ойынсыз таным процестерінің дамуы мүмкін емес. Ол дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті. Ойын арқылы баланың рухани сезімі жастық шақ өмірімен ұштастырып, өзін қоршаған, дүние туралы түсінігі қалыптасады.

Сөйлеу тіліндегі кемістіктерді зерттеу және оларды түзету саласы ХІХ ғасырдың ортасынан дами бастаған. А.Куссмауль. И.Сикорский атты ғалымдар баланың сөйлеу тіліне назар аударып, нақты кемістіктерді олардың себептерін, клиникалық көріністерін зерттеген. Қазіргі логопедия сөйлеу тіліндегі түрлі ауытқушылықты ғылыми тұрғыдан зерттеу және оларды жою, түзету жолдарын әзірлеумен айналысады. Мектептегі балалар мен мектеп жасындағы бүлдіршіндерге көмек көрсету салаларын ажыратуға болады. Сөйлеу тілінің дамуы мен оның кемістіктерін түзету мен сақтандыруға ықпал жасау логопедияның негізгі бағыты. Логопедияның маңызы тілдің әлеуметтік маңызымен тығыз байланысты. Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тіл кемістігін ескеріп, балаларға лайықты ұлттық ойындарды «Сақ құлақ», «Арқан тарту», «Тоғыз-құмалақ», «Соқыр теке», «Теңге ілу» сабақта қолдандық.
Сақ құлақ ойынында әрбір қимылы сөйлеу арқылы жүзеге асады. Бұл ойынды қазір көпшілік «Телефон» деп атап жүр. Біз оның ескі атауымен атауды жөн көрдік. Логопед пен логопат екеуі кезектесіп құлағына сыбырлап кезекші дыбысты дұрыс дағдыландыруға сөздерді айтады. Ойынның шарты бойынша логопед баланың құлағына сыбырлап «С» дыбысына байланысты бір рет қана сөз (сабын) айтады, ал бала естіген сөзін дұрыс анық айтып өз тарапынан тағы бір сөз (сабын, сақина) қосады. Сөйтіп ой-толғауға сөз тізбегін ұштастырып кете береді. Сабын, сақина, ананас, тас, аласа, маса, қас, сарымсақ.
Арқан тарту — халық арасында кең таралған ойынның бірі. Қара күшке бейім болған соң көбіне ер балалар ойыны саналады. Бұл ойын арқылы балалардың сана-сезімінде қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын зерделеп, туған елге, жерге, өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру көзделеді. Ойынның шарты бойынша логопед пен логопат екеуінің ортасында арқан жатады. Ойын барысында кімде-кім кезекші «Ш» дыбысына байланысты сөз тіркесін құрастырса, сол жақта арқан ұзын бола бастайды.
Қызыл қарындаш. Ұзын шаш. Биік қаша. Құстар ұшты. Ұшақ ұшты.
Тоғыз-құмалақ — қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі мұнан да әріде болуы мүмкін. Тоғыз-құмалақ өткен ғасырда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Бұл ойын арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отаудан,162 құмалақтан тұрады. Ойынның шарты бойынша логопед пен логопаттың алдында тоғыз-құмалақ ойынның арнайы тақтасы болады. Кезекші дыбысқа байланысты буын ұйқасы мен жаңылтпаштарды дұрыс атаған сайын бір құмалақтан келесі отауға лақтырып отырады. Мәселен:
Са-са-са-ызыңдайды маса, за-за-за-қолым менің таза;
Сегіз серке, семіз серке;
Шалшық балшық, балшық шалшақ, шалшықтан ал шық;
Ақ лақ аппақ па, ала лақ аппақ па, ала лақ аппақ емес, ақ лақ аппақ па.
Соқыр теке — қазақтың ежелден келе жатқан ойын түрі. Бұл ойынды кез келген жерде ойнауға болады. Баланың фонетикалық есту қабілетін дамыту мақсатымен ойын жүзеге асырылады. Ойынның шарты бойынша баланың көзін орамалмен байлап, логопед алыстан тұрып қол шапалақтайды. Бала шапалақтың шыққан дыбысының ара қашықтығына байланысты педагогты табу керек.
Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Ойын ойнағанда балалардың ой-толғау мен тіл жүйрігіне байланысты аламыз. Ойынның шарты бойынша баланың алдында кішкентай сиқырлы қап болады. Логопед балаға арнайы дайындалған жұмбақтар жасырады. Егер бала белгіленген уақытта жылдам жұмбақтың жауабын табатын болса, алдында жатқан кішкентай қапты алады.
Мәселен:
Сырт-сырт етеді,
Уақыт озады. (Сағат);
Басы құдық,
Сабы сыдық. (Ожау);
Белі бүкір,
Алысқа түкір. (Мылтық).
Балалардың жас ерекшелігі мен ОПМПК қорытындысы ескере отырып лексикалық-грамматикалық сөз, сөз тіркесімен, сөйлем құрылымымен түзету жұмыстары жоспарланғандай ұлттық ойындар қолданылады. Ұлттық ойындарды қолдану барысында балалардың фонетикалық есту қабілеті мен фонематикалық икемділігі қалыптасты, дыбыстар қатарын дұрыс машықтандыруға, ұқсас дыбыстарды ажыратуға, жаттамақтар, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды шешкенге, ой-толғауға тапсырмаларды орындауда өз үлесін қостады.

Ж.Жаңбырбаева,
Ескелді ауданының
№12 ППТК мұғалім-логопеді