Жанға дауа, дертке шипа

Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіту адам баласының жан-дүниесіне әсер етеді. Тәтті ұйқысын қиып сәресі ішуге оянады, нәпсісін тыйып күні бойы астан, ерсі қылықтан аулақ болады. Рухани пайдасын айта берсек қалам мен қағаз жетпес. Ал денсаулыққа пайдасы қандай? Жалпы адам денсаулығы үшін оразаның рөлі қандай? Аудан тұрғындарының арасында шағын сауалнама жүргізіп, аз-кем әңгімелестік. Қасиетті айға көзқарасын білдік. Соны назарларыңызға ұсынамыз…

Әр жыл сайын Жаратушы бізге күнәміздан арылып, үлкен сауапқа бөленетін мүмкіндік береді. Әрине, әр түрлі жағдайға байланысты біз бұл сауаптан қағылып қалып жатамыз. Алайда, қолымнан келгенше ауыз бекітіп, күнәлардан арылатын мүмкіндікті жібермеуге тырысамын. Жалпы өзім соңғы бірнеше жыл қатарынан Ораза айын асыға күтіп, ауызымды бекітетінмін. Бірақ осы жылы денсаулығыма байлынысты ұстай алмадым. Асқазаныңыз ауырса бірден барып емдеткен дұрыс екен, себебі күнделікті өмірде білінбей жүргенімен дәл оразаға келгенде ауыз бекітуге мүмкіндік бермейді екен, — дейді аудан тұрғыны Мұратбек Сапарғали.

-Биылғы Рамазан айы көктемнің салқын мамыражай күндеріне сәйкес келіп тұр. Бұл да Алланың құлдарына деген мейірімі шығар. Рамазан айында денсаулығын сылтау етіп ораза ұстамайтын бауырларымыз бар. Бұл – дұрыс емес. Негізі көп аурудың шипасы – осы ораза. «Жақсы ас – ем, артық ас – у» деген бар қазақта. Уақытымен ішкен ас керемет көңіл күй, күш-қуат береді. Мөлшерінен асып, қанағатшылықты ұмытып ішкен ас у болады. Рамазан отыз-ақ күн. Отыз күнде бәріне төзімділікпен қарауға болады, — дейді аудан тұрғыны Али Бамишийн.

-Мына заманда астан келетін дерт түрі шаш етектен. Дүкеннің алдынан өтіп бара жатып «кола» деген әпендіні көрсек ішуге жүгіреміз. Бет алды аузымыз тынбай ананы, мынаны бір жұтып жүреміз. Оразаның осы тұста тигізер пайдасы орасан. Əрі аш жүргенде өзге дүниелерге тиісінше көңіл бөлуге болатынын түсіндім. Ізденіс ауқымы кеңи түседі. Мінез бекиді, — дейді аудан тұрғыны Әбілмансұр Болатбекұлы.

-Қан қысымы деген пәле бар. Аяқ асты түсіп, аяқ асты көтеріледі. Дәрісіз жүру мүмкін емес. Оразаға қанша ниеттенсем де ұстай алмадым. Себебі денсаулығымның тосын сыйлары көп, — дейді қарт әжей Гүлбар Бертаева.
Жанды рухани азықтандырып, нәпсімізді ауыздықтайтын отыз күн оразада әр мұсылманның жүрегіне мейірім орнайтыны анық. «365 күн бойы тамақ ішетін адамға жылына 30 күн ораза тұту дұрыс» деп таныған ғалымдар қауымының пікірін де ескерген абзал. Әр саланың өз маманы бар. Оразаның денсаулық үшін қандай рөлі бар екенін аудандық аурухананың эндокринолог дәрігері Еркеш Нұрбекқызы айтып берді.

— Рамазан айы әрбір мұсылман үшін үлкен мереке. Себебі атаулы айда адам баласы игі істерімен сауап жинап, ниетін, тәнін, жан дүниесін тазалайды. Әрине ораза ұстаудың да өзіндік қиын тұстары бар. Ораза кезінде ағзадағы қалдықтар шығады. Іш құрылысы, тері —жаңарады. Және ораза ұстаған адамдардың көбі салмақ тастайды. Оразаның жеңіл өтуі үшін, жеңіл қорытылатын тағамдар жеп, шектен тыс ас ішпеген дұрыс. Қуырылған, тұздалған тағамдарды аз пайдалануға кеңес беремін. Негізінен салауатты өмір салтын сақтап жүрген адамға Алла күш-қуат беріп, парызын атқаруға жеңілдік береді. Дәрігер ретінде ораза кезіндегі денсаулығыңызға, оразаға дейін көңіл бөлуіңізді ұсынар едім. Десек те ауызы берік адам ағзасында болып жатқан жайттарды күнделікті бақылап жүруі керек. Бір жері ауырса өздігінен емделуге әрекеттенбей, дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет,-дейді аудандық маман.
Дәрігердің сөзінше ауыз бекіту арқылы денедегі май құрамы азаюмен қатар, холестерин мөлшері де бәсеңдей түседі екен. Бұл дегеніміз қанның қоюлануының алдын алады. Және де сіз күнделікті пайдаланып жүрген түрлі химиялық қоспалар бар тағамдардың басым көпшілігі улы заттарға толы. Ал ораза уақытында сіз осы улы заттардан арыла отырып, жаңа қуат пен күш аласыз. Осы тұста маманнан қант диабеті бар адамдар ораза кезінде қандай қиындықтарға тап келетінін және қандай тағам жеу керегін сұрадық.

Қант диабетімен ауыратын адам еш қиындықсыз ораза ұстауы мүмкін. Бұл адамның ашығуды көтере алу мүмкіндігіне байланысты. Ораза кезінде қант диабетінің негізгі ықтимал асқынулары қауіпті төмен глюкоза (гипогликемия), сондай-ақ жоғары қант (гипергликемия), диабеттік кетоацидоз және тромбоз. Егер қант диабетімен ауыратын науқаста тамақ қабылдау жеткіліксіз болса, бас айналу, көздің қараңғылануы, қысымның күрт төмендеуі және есінің жоғалуы сияқты қауіпті белгілерді байқауға болады. Бақылауға сәйкес, оразаның диабетпен ауыратын науқастарға әсері әртүрлі: бір жағынан, ол өте жойқын, ал екінші жағынан пайдалы болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда ешқандай әсер байқалмайды.
Бірнеше маңызды сәттерге назар аударған жөн:
пациенттер күнделікті қандағы қант деңгейін, әсіресе инсулинге тәуелді ауру жағдайында бақылап отыруы керек;
ораза кезінде сіз дәрумендерге, минералдарға және әртүрлі пайдалы заттарға бай пайдалы және дұрыс тамақтануыңыз керек;
әсіресе күн батқаннан кейін майлар мен көмірсуларға бай тағамдарды көп жеу практикасынан аулақ болу өте маңызды;
ораза ұстамайтын сағаттарда сұйықтықтың көбеюі қажет;
күн шыққанға дейін, күндізгі оразаның бас-талуынан бірнеше сағат бұрын тамақтану керек;
дұрыс тамақтану ғана емес, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Темекі шегуге тыйым салынады, оның орнына спортпен шұғылдану керек;
жаттығу кезінде артық салмақ түсірмеу керек, өйткені бұл қандағы қанттың күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Денедегі глюкоза өте төмен деңгейге жеткенде, ораза ұстауды тоқтату керек екенін есте ұстаған жон. Әсіресе, егер адам үнемі инсулинді (ұйқы безінің гормонын) енгізуге мәжбүр болса, — дейді эндокринолог маман Еркеш Нұрбекқызы.
Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде былай дейді: «Адамдар барлық ғасырда ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық дін тамақ-судан тыйылып ауыз бекітуге шақырудан ешқашан тыйылған емес. Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуімен қамтамасыз етеді». Біздің де алып-қосарымыз жоқ.

А. Әлімжанова