Мұхаммед Ордыбай, аудандық мешіттің бас имамы: «Ораза — тек астан тыйылу емес, нәпсіні тыю»

Сәуірмен қатар келген мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті айда Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол құлшылық маусымы. Қасиетті айда жасалатын құлшылық төңірегінде көп туындайтын сұраққа жауап алу үшін аудандық мешіттің бас имамы Мұхаммед Ордыбай мырзамен сұхбаттасқан едік.

Күллі мұсылманға парыз етілген қасиетті ай да бас-талды. Осы тұста ең алдымен Рамазан айының қадір-қасиетіне тоқталып, ораза ұғымына түсінік берсеңіз?

-Рамазан – жыл сайын белгілі бір уақытта қайта оралып, бауырларымызға қайта сауап жинауға мүмкіндік беретін ай. Оразаға ниет еткен жамағат таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Сабырлық пен таза ниеттің көрінісін атап айтсам, кешке дейін ішіп жемейді, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Ораза араб тілінде «саум» деп айтылады. Саум сөзінің мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және нәпсінің қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді.

-Ораза кезінде ауыл-үйді аралап «жарапазан» айтушылар көбейеді. Бұл әрекет дінде бар ма, әлде дәстүр ме?

-Жарапазан сөзі араб тілінде «Жә-Рамазан» деп айтылады. «Жә» сөзі арабша «келді» деген мағынаны білдіреді. Яғни жарапазан «Рамазан келді» деген сөзден туындаған. Жарапазан туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады»,- деп жазған. Бұрындары жұрт Рамазан айының келгеніне қуанып жарапазан айтқан. Бүгін де сол үрдіс қайталанып жатса неге қуанбасқа? Өлең тіркестерінің өзі қандай тамаша.
Үйің, үйің үй екен,
Ақ төбедей көрінген
Қандай байдың үйі екен?!- деп бір бірінің мерейін өсіріп, сыйластық пен татулықты насихаттап тұрады.
-Рамазан айында «Қадір түні» бар. Осы қасиетті түннің құлшылық үкімі жайлы айтып өтсеңіз?

-Мың айдан да қайырлы Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Биыл Қадір түні сәуір айының 27-нен 28-не қараған түні деп белгіленді. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Бірақ ұйықтамасам болды Алла береді деп теледидар көріп, телефонға телміріп отырмай, дұға оқып, құлшылық қылған абзал.

-Ораза тұтпауға рұқсат етілген себептер қандай?

-Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Сендерде кім Ораза айында болса ораза ұстасын, ал, біреу науқас не сапарда болса басқа күндерде санын толтырып ораза тұтсын» деген. Егерде денсаулығы болса, ешқандай кедергі болмаса ораза ұстаған дұрыс. Десек те үнемі дәрі немесе уколға сүйенетін, ораза ұстаса денсаулығына зиян келетін науқастар болса, әрине, кешірімді. Сондай-ақ, алыс сапарға шыққан адамдарға да кешірім бар. Бірақ сырқатынан айыққан соң, сапары біткен соң міндетті түрде ораза ұстағандары абзал.

-Биылғы пітір-садақаның белгіленген өлшемі қандай?

-Бір ай бойы Рамазан айтына дейін пітір садақасын береміз. Оның ең төменгі мөлшері Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы төрағасының шешімімен биылға 500 теңге болып бекітілді.

Қазір жастардың дені оразаға бет бұрған. Бірақ жас буынның көбі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біле бермейді. Жас буынға құнды ақпар болсын, оразаны не бұзады, не бұзбайды?

-Оразаны әдейі ішіп-жеу, темекі шегу, насыбай ату, дәрі қабылдау, құрамында нәрлі заттары бар ине егу, әйелімен жақындасу, яғни таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу бұзады. Ал егер ұмытып кетіп, байқамай ішіп-жесе, аузына келген қақырықты жұтса, құлаққа су кірсе, темекі түтіні иә болмаса топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшысы тамаққа еріксіз кірген жағдайда ораза бұзылмайды. Бірақ «мынадан ораза бұзылмайды» деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Ескеретін жай бар. Мысалы, байқамай ішіп-жеп қойғаны еске түскенде дереу тоқтату керек. «Аузым ашылып кетті ғой» деп ары қарай ішіп-жей бермей, сол жерден тоқтауы керек. Бірақ келесі күні қарызын өтегені абзал. Рамазан айында сонымен бірге, жаңа босанған әйел ораза ұстамайды. Сонымен қатар, нәзікжандыларда арнайы күндер болады. Оны тарқатып айтудың да қажеті жоқ. Сол уақытта ораза ұсталмайды. Сондай-ақ, аяғы ауыр, сол секілді емізулі баласы бар әйел өз денсаулығына қауіппен қараса, оразадан босатылады. Тек кейін қазасын өтеуі парыз.

-Ғайбат, өтірік, алдау-арбау, жаман сөз айтса, ұрсысса, қатты ашуланса ораза бұзыла ма?

-Ораза кезінде көп құлшылық жасап, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау, Құран оқумен айналысқан дұрыс. Егер ораза кезінде демалыс алуға мүмкіндік болса, уақыттың басым бөлігін бір Аллаға құлшылық қылумен өткізген абзал. Сол сәтте ашуға да, ызаға да уақыт болмайды.

Сəресіге ұйықтап қалған адам не істейді?

-Сәресіде берекет бар. Бір стақан су болса да ішу керек. Сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді», — делінген. Адам болғансоң түрлі жағдай болады. Ұйықтап қалса немесе басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Арай Нұржанқызы