БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ СЕМИНАРЫ

 Аптаның алтыншы күні көптеген қызметкерлер қауымы үшін ресми демалыс. Ал өткен аптаның сенбісі қалалық және кейбір аудандық журналистер қауымына әрі сабақ, әрі тәжірибе алмасу күні болды. Дәлірек айтқанда, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында «Тиімді бизнес-коммуникациялар» тақырыбында оқыту семинары өтті. Экономика саласында, бизнес, кәсіпкерлік туралы мақала жазып, сюжет дайындап жүрген тілшілерге бұл семинар таптырмас мүмкіндік болды.

Оқыту семинарында «Бастау» жобасының облыс бойынша үздік бизнес-тренерлері, тәжірибелері мықты Гүлмира Бағжаева, Әсет Жексемба және Жандос Сұпабеков атты мамандар семинарға  қатысушыларға «Бастау» жобасының жетістіктері, кәсіпкерлер палатасының өнімдері, кәсіпкерлерге ұсынатын қолжетімді қызмет түрлерін кеңінен тарқатып айтты. Сонымен қатар журналистер қауымына арналған біліктілік пен шеберлікті арттыруға арналған тапсырмалар мол болды. Бір сөзбен айтқанда, журналистер жалпы кәсіпкерлік саласы жайлы мағлұмат алып, араларында кәсіп бастауға оң ниеттенгендер де болды.

«Атамекен» кәсіпкерлер па-латасының баспасөз хатшысы Диас Бейсенбек: «Басты мақсат – журналистер қауымына бизнес төңірегінде қалай жазу мен сызу керектігін емес, кәсіпкерлікті бастаудың тетіктерін, мемлекеттік қолдау құралдарын, заңнама жаңашылдықтарымен таныстыру. Осы семинардан кейін әріптестерім журналистика мен бизнесті қатар алып жүру жолдарын айқындап алады деп ойлаймын», — дейді.

Семинар соңында кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов демалыста уақытын бөліп келген журналистерге алғысын білдіріп, сертификаттар табыс етті.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.