АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛ

Қызылша – инфекциялық ауру. Бұл аурумен көбінесе балалар ауырады. Ауру кезінде дене қызуы көтеріліп, теріге бөртпелер шығып, мұрыннан су ағып, жөтел пайда болады. Аталмыш ауру әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне себепші болып отыр. Бұл ауруға шалдықпас үшін уақытында екпе алып, күтініп жүру керек.

Асқынбай тұрғандағы қызылшаның белгілерін емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуды, тұмау және тамақ ауруын, қақырықты түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдау қажет. Ал қызылшаның асқынған түрін емдеу стационар жағдайында жүргізіледі. Қызылшаның даму үрдісін байқаған адам дер кезінде дәрігерге қаралуы тиіс. Дәрігерлер тиісті шаралар қабылдап, аурудың бетін қайтарады.

Қызылша ауруының кең етек алуына байланысты, аурудың алдын алу мақсатында денсаулық сақтау басқармасының мамандары халыққа маңызы зор жадынамалар таратып, ауруды болдырмау жолын түсіндірді.

Осындай ақпараттандыру жұмыстары Ескелді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Н.Қуанышева, жетекші мамандар А.Берліқожанова және Е.Максимованың ұйымдастыруымен аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілді. Орталыққа келген тұрғындар жадынамалармен танысып, мамандарға көкейкесті сұрактарын қойып, жауап алды. Тиісті ақпарат таратқан мамандарға ауыл халқы үлкен алғыс білдірді.

Кез келген адам жеке бас гигиенасын сақтап, денсаулығын күтсе, қоғамда ауру түрі азаяды. Дана халқымыз «Әуелгі байлық — денсаулық»  деп текке айтпаған.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.