ПАРТИЯ ІСІ САРАЛАНДЫ

Апта басында «Нұр Отан» партиясы Ескелді аудандық  филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті. Конференция делегаттары болып аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық Саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары шақырылды.

Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев, аудан әкімі Бағлан Тәнекенов, конференцияға делегат емес партияның белсенділері, ардагерлер, этно-мәдени орталықтардың мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы қаралды. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі, яғни күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаевқа берілді. Екінші мәселе бойынша ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру барысы туралы «Нұр Отан» партиясы Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Садырұлына сөз кезегі берілді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаментінің басшысы Серікбай Өрікбайұлы баяндама жасап, пікір алмасу жүргізді.

Жарыссөзге қатысқан «Жетісу» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қанат Сатанов пен Ескелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Боранбаев «Нұр Отан» партиясы Ескелді аудандық филиалының жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағаларын беріп, ойларын түйіндеді.  Конференция жұмысының соңғы мәселесі, яғни «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХХV Конференциясына 7 делегат сайланды. Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулы қабылданды.

Назгүл ЖҰМАХАНҚЫЗЫ,

«Нұр Отан» партиясы Ескелді аудандық филиалының саяси жұмыс бөлімінің консультанты.