ДЕПУТАТ ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Жетісу өңірінде Елбасы Жолдауы мен 5 әлеуметтік бастамасы аясында атқарылған жұмыстар барысымен танысты.

Сапар барысында Әбдіманап Елікбайұлы Ескелді ауданына ат басын бұрып, онда «Хильниченко и К» КСС-не қарасты жаңадан ашылған «Радуга» балалар бақшасының жұмысымен танысты. 2017 жылдың соңында балабақшаның құрылыс жұмыстары басталып, 2018 жылдың көктем айында қолданысқа берілген болатын. Бүгінгі күні 100 орындық балалар бақшасында бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда. Содан кейін Қарабұлақ ауылындағы Титов атындағы орта мектебіне барып, «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» партиялық жобасы аясында ашылған робототехника негіздерін оқытатын сыныптың және мектеп асханасының жұмысымен танысты. Соңында «АСПМК-519» ЖШС-і ГЭС-2 құрылысын аралап шығып, жаңа электр станциясының жұмысына оң бағасын беріп қайтты.

Аудандық партия филиалының төрағасы, аудан басшысы Бағлан Тәнекенов Шажа өзеніндегі ГЭС-2-нің жобалық қуаттылығы 25,8 МВ-ты құрайтынын айтса, станция директоры Виктор Сычев бүгінгі таңда 9,3 миллиард теңгені құрайтын жоба бойынша 18 жұмыс орны ашылғанын растады.

Өз кезегінде облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев 2018 жылы облыс бойынша іске қосылатын «100 объект» жобасы бойынша Ескелді ауданында жалпы құны 1 млрд. 181 млн. теңгені құрайтын 79 жаңа жұмыс орындары мен 7 объект іске қосылғанын айтып, алда әлі қыруар жұмыстар тұрғанын жеткізді.

— Біз мұнда жаңа технологиялар енгізіліп, цифровизация жүзеге асырылып жатқанына көз жеткіздік. Меніңше, осындай жобаларға қолдау көрсетіп, оларды дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, — деп, алдағы уақытта аймақтағы электр қуатының құнын төмендетуге көмектесетініне Әбдіманап Бектұрғанов сенім білдірді.

Дәулет ИДРИСОВ,

 «Нұр Отан» партиясы Ескелді  аудандық филиалының

бірінші орынбасары.