ЕР ЕРЛІГІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. Тарих беттеріне сүйенсек, 1979 жылдың 25 желтоқсанында Мәскеу уақыты бойынша сағат 15.00-де КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға кеңес әскерлерін енгізу басталды. Командирлер: «Бұл қысқа мерзімдік акция, тапсырманы орындаймыз да кетеміз», — деген. Ал бірақ «акция» он жылдан астам уақытқа созылды. Биыл соғыстың аяқталғанына 30 жыл толады.

Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 мыңнан астам жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 324-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды (Ауған соғысы аяқталған жылы «Правда» газетінде адам шығынының жалпы саны көбірек көрсетілген. 1999 жылғы санақта бұл сандар ұлғайған). Қаншама қазақ отбасына қасірет-қайғы әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы осылай аяқталған болатын. Сондықтан жыл сайын 15 ақпанда соғыста қаза болған қаруластардың қабіріне тағзым етіліп, елге оралмағандарға бағыштап құран оқылады.

Жат жерде болса да жан беріп, жан алысқан жауынгерлердің ерлігін ескелділіктер ұмытпайды. Дәл осы күні 15603 әскери бөлімінде соғыста қаза тапқан интернационал-жауынгерлерге тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылса, мектеп пен кітапханаларда Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер және жарыс турнирлері өткізіліп тұрады.

Жалпы Ескелді ауданынан сұрапыл соғысқа 67 адам аттанған. Бүгінгі күні 42 адам тіршіліктерін жасауда. Ал 25-і соғыстағы ауыр жарақаттардан көз жұмған. Жүректе жазылмайтын, тарихта орын алған қасіретте 67 жауынгердің арасында 4 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Олар: Сәбит Оразбеков (Қарабұлақ), Сергей Шереметов (Қарабұлақ), Сайлаубай Айдаболов (Жетісу) және Еділ Боранбаев (Жалғызағаш). Бүгінгі күні ардақты азаматтардың есімдері өз ауылдарындағы көшелерге берілген.

Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Қанат Түсіповпен кездесудің сәті түскен еді. Кездесу барысында Қанат Төлеуұлы бар шындықты бүкпесіз айтты. Беларусь елінде азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде 1979 жылдың 27 желтоқсанында қатарластарымен Ауғанстанға аттанған еді. Ол Т-62 танкінің механик-жүргізушісі болған. Қанат Төлеуұлымен аттанған жолдастарының көбісі сұм соғыста мерт болды. Әңгімесінің соңында бейбіт күннің қадіріне жететін ештеңе жоқ екенін айтты.

Алдағы уақытта да Ауғанстандағы шайқаста қайтыс болған және от кешкен жауынгерлердің есімдерін отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау елдігіміздің белгісі болып қала берері анық. Ерлігі баршаға аян жауынгерлерге атаулы күндері зор құрмет көрсетілу жалғасын таппақ.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.