МҮМКІНДІКТЕР МЕН БИІК АРМАНДАР ЖЫЛЫ

Жастар жылы — Мемлекет басшысының басшылығымен қазақстандық қоғамды, әсіресе жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңғырту саласында атқарылған ауқымды жұмыстардың шарықтау шегі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы және Үкімет қазіргі толқынға, жастарға үлкен үміт артады және жастар үшін барлық жағдайды жасап келеді. Еліміздің ертеңі мен бүгіні болашақ жастардың қолында.

Жас адамдар жаңа заманның сұра-нысына жылдам бейімделеді. Себебі, жастар жаңашылдыққа ұмтылады, өзіндік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тырысады. Сондықтан жастар жылы біздер үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жыл жастардың барлық мүмкіндіктерін, биік армандарын орындайтын жыл болмақ.

Елбасымыз айтқандай, XXI ғасырды біз жаһандық сын қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Яғни XXI ғасыр жаңа технологиялар, мәдениет, білім және ақыл-ойдың ғасыры болып табылады. Үш тұғырлы тілді меңгеру, заманауи ІТ технологиясын енгізу, робототехника және тағы басқа жаңашылдыққа баса назар аударылуда. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Тәуелсіз еліміздің жастары үшін өзінің Отанына деген құрмет пен сүйіспеншілік ең басты орында болуы керек. Ендеше, Жастар жылы – жаңа серпін, жаңа мүмкіндік.

28 қаңтар күні Талдықорған қаласының «Жастарға қызмет көрсету орталығында» облыс басшысы Амандық Баталовтың қатысуымен «Жастар. Жігер. Жаңғыру» атты ұранмен жастар жылының салтанатты ашылуы өтті. Бұл салтанатты жиынға Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев, Ескелді аудандық орталық ауруханасының жас дәрігері Дархан Нұрмалиев, ауданның жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар қатысты.

Салтанатты жиында еркін ойлы, жалыны жігерлі, батыл бастамалардың иелері сөз алып, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Біздің ауданымыздың белсенді жасы, аудандық орталық аурухананың дәрігері, «Дипломмен ауылға» бағдарла-масымен келген жас маман Дархан Се-рікжанұлы баяндамасын оқып, жас ма-мандардың атынан бағдарлама бойынша келген мамандарға квотаны көбейту керек деген өз ұсынысын білдірді.

Ескелді ауданы жастар ресурстық орталығының мамандары, яғни біздерге енді жастармен жұмысты нығайтуға одан да мол мүмкіндік туады деп ойлаймыз. Өңіріміздің басшысы форум барысында айтқан бастамалары мен тапсырмалары Алматы облысының жас буынына жан-жақты қолдауға бағытталған. Мен осы салтанатты жиынның қатысушысы болғаныма өте қуаныштымын. Себебі, облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының жастарды қолдауын  сезіну  зор  бақыт. Жастар жылына орай 3 қала мен 17 ауданда «Жастарға қызмет көрсету орталықтары» салынады деп жоспарлануы осының дәлелі. Бұл – мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүм-кіндік тудыратын зор мүмкіндік.

Сөз барысында өңір басшысы ауыл жастарына түрлі дәнді дақыл егуге 10 гектар жер беріледі деп өскелең ұрпақтың мерейін асырды. Осындай қамқорлықты сезіну арқылы біз ел игілігі үшін үнемі алға бастап, егеменді еліміздің өркендеуіне атсалысуымыз қажет. Бұл жылды елдегі жас буын өздерінің идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға, білім мен ғылымды дамытуға, бәсекеге қабілетті жаңа қоғам құруға арнайтын болады. Елімізде жастардың креативті, жаңаша ойлай білетін жаңа толқыны өсіп келе жатқанына сенімдіміз.

Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығы.