АЛТЫН БОЛЫП АҚҚАН ҚАРАТАЛ

Жер жәннаты – Жетісу атанған қасиетті өлкеміздің жеті өзенінің бірі – Қаратал өзені. Өзен Жетісу Алатауындағы мұздықтардан бастау алып, Балқаш көлінің сағасына  құяды. Жылдың кез келген мезгілінде көркіне көз тоймайтын Қаратал өзенінің әсем табиғатына сөз жетпейді.

Ақындар «Қаратал өзенін күндіз күміс, түнде алтын болып ағады» деп жырлап кеткен. Шынымен де жағалауы мен баурайы шынарлы ағаштар мен жасыл шөптерге толы өзеннің табиғаты өте әсем. Жер Ананың мұнша әсемдік пен сұлулықты осы өзен атырабына сыйлаға-ны жанымызды жадыратады. Жаз мезгілінде Қараталдың әсем табиғаты өзгеше күйге енеді. Жасыл желекке оранған ағаштар өзеннің айналасын көріктендіріп, тамаша бейне құрып тұрады.

Өзенге басты көрік сыйлап тұрған, ол – биік таулар. Тарихы тереңде жатқан таулар бізге үлкен сыр шертеді. Кезінде осы биік тауларға ата-бабамыз қоныс теуіп, пана қылған ғой.

Қаратал өзеніне жылдың кез келген мезгілінде демалушылар көптеп келеді. Ал өзен Алатау мұздықтарынан бастау алғандықтан қысы-жазы өр мінезденіп, суық болып  тұрады. Өзенге келген демалушыларды мұндай өр мінезділік қорқытпайды, керісінше суға түсуге деген әуесқойлылыққа баулиды. «Ағын судың арамы» жоқ деп дана халқымыз айтпақшы, бұл өзеннен су ішіп, суға түсушілер көп. Сонымен қатар өзеннен балық аулап, жан сергітіп, табиғаттың көркіне тамсанатындардың қатары да аз емес.

Қаратал өзенінде балықтың бірнеше түрі мекендейді. Қыс мезгілінде өзен жағасында ба-лық аз жиналады, ал жаз мез-гілінде жылы қандылардың бірнеше түрі ағыл-тегіл өзен сағасына жиналады.

Көктемде бүйірі арықтаған малды бақташылар осы өзеннің жанындағы жасыл шөпке жайып, суарады.

Жаңбыр жауғанда өзеннің басы лайланып ағады және тасиды. Дәл осы көріністі та-машалаған адам табиғаттың да мінезін көрсетіп, ашуға булығатынын түсінеді. Мұндай кезде өзеннің жағасына көпте-ген ірілі-ұсақ ағаштар жиналады. Өзен маңында тұратын адамдар осы ағаштарды жинап, қысқа отын қылады. Бұл отынның қызуы қатты болады.

Өр мінезді Қаратал өзені осындай ғажаптарға толы. Тарихы әріде жатқан Қаратал өзені – Жетісу өлкесінің басты көркінің бірі.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.