ТОЛҒАНДЫРАР МӘСЕЛЕЛЕР КӨП

Сәрсенбінің сәттісінде аудан, ауыл әкімдерінің алғашқы есебі Жалғызағаш ауылдық округінде бастау алды. Аудан әкімінің аппараты өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады. Кейінгі жылдары аудан көлемінде атқарылып жатқан жағымды жаңалықтарды тұрғындарға жеткізіп, оларды көптен бері толғандырып жүрген сұрақтарына ұтымды жауап берді. Сонымен қатар аталмыш есеп беру шарасына аудандық мәслихаттың хатшысы, бөлім басшылары мен бас мамандар және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Екі елдімекеннен тұратын Жалғызағаш (Жалғызағаш және Биғаш) округі бойынша 321 аула, 349 отбасы, 1331 тұрғын бар. Оның ішінде Жалғызағаш ауылында 270 аула бар, онда1084 адам тұрады. Биғаш ауылындағы  51 аулада 247 адам тұрады.

Ауылдық округтің негізгі саласы ауыл шаруашылығында барлығы 76 шаруа қожалықтары ауылшаруашылық өнім-дерін өндіреді. Шаруа қожалықтарының қарамағында барлығы 13613,06 га жер көлемі бар. Оның ішінде егістік жер 2378 га. Өткен жылы округ бойынша 1037,3 га жерге дәнді дақылдар себілді. Минералды тыңайтқыш пен гербицитқа 274,000 теңге субсидия алынды.

Ал мал шаруашылығы бойынша көрсеткіштер өткен жылғыдан өсіп отыр. Яғни мал басы жыл басында жүргізілген мал санағы бойынша ірі қара 3595 бастан 3633 басқа, қой-ешкі 15680 бастан 15723 басқа және жылқы 986 бастан 1020 басқа өсті. Мал шаруашылығында мал тұқымдарын асылдандырып, өткізген өнімдері үшін округ бойынша 8 шаруа қожалығы 16820520 теңге көлемінде субсидия алды. Мал тұқымдарын өз қаражат есебінен асылдандыруға жеке шаруа қожалықтары 105000 теңге мөлшерінде инвестиция тартты.

Ауыл тұрғындарының мал өнімдерін өңдеп-сату үшін 1 мал сою алаңы жұмыс істейді. Сүт өнімдерін өндірумен және ауыл тұрғындарының сүттерін қабылдаумен айналысатын «Бидайбеков» өндірістік кооперативі 413 т сүт өнімдерін дайындап өткізіп, 4133180 теңге субсидия алды. Алдағы уақытта ауылшаруашылық тауар  өндірушілерді кооперативке біріктіру жұмыстарын одан әрі жалғастыратынын ауыл әкімі айтты.

Шағын кәсіпкерлік бойынша халыққа қызмет көрсету саласында Жалғызағаш ауылында 2 дүкен, Биғаш ауылында 1 дүкен бар. 1 жем турайтын қондырғы халыққа қызмет көрсетеді.

Ауылдағы кәсіпкерлікті ары қарай дамытып, жұмыс орындарын ашу бағытында 2018 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Жалғызағаш ауылының 3 тұрғыны 10 200 000 теңге көлемінде несие алып, оған 34 бас ірі қара малдарын сатып алып, кәсіптерін дамытуда. Жаңадан 3 жұмыс орны ашылды.

Білім саласының жағдайы жаман емес. Жалғызағаш орта мектебінде 249 бала оқыды. Оларға 40 мұғалім дәріс береді. Өткен жылы Жалғызағаш орта мектебінің шәкірттері облыстық пән олимпиадасы мен «Зерде» ғылыми жобасына қатысып, 2-3 орындарды иеленді. 2018 жылы мектеп бітірген 16 оқушының ішінде 3 оқушы «Алтын белгі» иегерлері атанды. Олардың қатарында 8 түлек жоғарғы оқу орнына түсті. Биғаш ауылынан қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылған. 44 бала Биғаш ауылынан қатынап оқиды.

Ауылда мәдениет орталығы клубта мәдениет қызметкерлері бекітілген жоспар бойынша барлық мерекелік шараларды ұйымдастырып, өткізеді. Жоспарланған мәдени іс-шаралар халықтың рухани байлығын арттыруға, ауыл мәдениетін көтеруге, өнерлі жастарды анықтап, оларды өнерге баулуға, мәдениет саласындағы жұмыстарды жандандыруға бағытталған.

Салауатты өмір салтын ұстап, ауыл спортын дамытуда біраз іс-шаралар іске асырылып, ауыл азаматтары аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып тұрады.

Денсаулық саласын айтсақ, округ бойынша 1 дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. Онда 1 дәрігер, 5 медбике, 1 санитар Жалғызағаш пен Биғаш ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Демографиялық жағдай бойынша 2018 жылы 29 бала туылып, 9 адам қайтыс болды, өсім 20 адам. Округ бойынша 38 «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері бар.

Өткен жылы 14 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 9 қылмыс мүлік ұрлығының (мотоциклдер) барлығы ашылды. 4 қылмыс мал ұрлығы бойынша біреуі ашылды да, үшеуі ашылмаған. Және біреуі бұзақылық жағдай.

«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылы жаңадан 20 жұмыс орны ашылды. 16 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды, 1876896 теңге көлемінде жәрдемақы алды.

2018 жылғы жиналған салық бойынша мүлік салығы 14888 теңге, жер салығы 306283 теңге, көлік салығы 123041теңгені құрады. Жоспар 100% орындалған.

Өткен жылы ауылда тұрғын  үймен біріктірілген  полиция пункті салынып, пайдалануға берілді.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Биғаш ауылының су жүйесі қайтадан жабдықталып, күрделі жөндеуден өтіп, желтоқсан айында қолдануға берілді. Жалғызағаш ауылының көшелеріне құм-тас төгілді.

Алдағы уақытта дамыту жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, балаларға арналған ойын алаңын салуды және Бақтыбай пен Бейбітшілік көшелеріне асфальтобетон төсеу жоспарлануда. Сол сияқты Жалғызағаш ауылының су жүйелерін қайтадан жабдықтап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық іздестіру жұмыстарын, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, әрі қарай сметалық жобасын жасауды қарастыруда екенін өз есебінде ауыл әкімі айтты.

Байланыс жүйесі бойынша ауылда 1 пошта бөлімшесі, 1 АТС жұмыс істейді. Округ бойынша 80 үйде, оның ішінде 3 телефон Биғаш ауылында,  4 мекемеде телефон желісі орнатылған. Ұялы телефон байланысы үшін BEELINE, ACTIV станциясы жұмыс істеп тұр.

Өткен жылы ауыл әкімшілігіне 18 өтініш түсті. Олардың барлығы уақытылы қаралып, тиісті өкім шығарылды.

Өткен 2018 жылғы есепті жиында 2 мәселе көтерілген. Бірінші мәселе бойынша ауылда интернет желісінің жұмысын жақсарту үшін аудан орталығынан кабель тарту болатын. Өз кезегінде аудандық «Қазақтелеком» бөлімшесі кабель тарту жұмыстары биылғы жылға жоспарланып отырғанын және өздерінің жоғарғы комитетінде бекітілгенін айтты. Екінші мәселе Жалғызағаш-Қарабұлақ жолын ағымдағы жөндеу (ямочный ремонт) жүргізген мердігер мекемесінің жасаған жұмыстарының сапасы нашар болды.

Елді мекендерді аббаттандыру шараларына барлық мекемелер және ауыл тұрғындары қатысады. 2017 жылы тазалық айлықтарында барлығы 15 т қоқыс шығарылып, тиісті орынға төгілді. Округ бойынша 40 ағаш, оның ішінде 20 түп жеміс ағашы отырғызылған.

Сөз соңында өткен жылы біршама жұмыстар атқарылғанын, дегенмен әлі де болса атқарылатын жұмыстардың көп екенін ауылдық округтің әкімі Аман-гелді СӘРСЕНБЕКОВ айтты. Және алдағы уақытта әкім аппаратының қызметкерлері ауыл тұрғындарымен бірлесіп, алға қойған жоспарды орындау жолында аянбай еңбек етіп, ауылдың көркейіп-өсуіне өз үлесін қосады деген ойын білдірді.

Ауыл әкімінің есебінен соң жарыссөзге Жалғызағаш ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Тастанды Кәрібаев мінберге шығып, ауылда жасалып жатқан біршама жұмыстарға алғысын айтты. Әсіресе Биғаш ауылындағы су мәселесінің шешілгеніне тұрғындар атынан ризашылығын білдірді. Ауыл әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына жақсы баға берді.

Дегенмен де шешімі табылмай жатқан, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелердің көп екенін жиынға келушілер растады. Олардың қатарында ауыл тұрғыны Нұрғали Талдыбеков суарылатын арық жүйесінің жоқ екенін айтып күйінді. Оның сөзіне сүйенсек, жаздай 40 га суармалы жердің 3500 км ғана арық қазылған. Ал өзі тұратын жерінің аяқ жағында 500 га жасалып, бірақ бас жағына су жетпей қалады екен. Сол себептен өнім ала алмай қиналып отырғанын айтты. Іле-шала тағы бір ауыл тұрғыны Ерік Сейітқапаров Жалғызағаштың суынан үш рет тасқын болғанын, су 15-20 м-ге көтерілсе, ауылдың жартысы кетіп қалу қаупі бар табиғи апаттың төніп тұрғанын жеткізді. Әділ Қапанов атты ауыл тұр-ғыны өткен жылы жолға құрылыс жұмыстарын жасаған мердігер мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Себебі, күн жылынса жол жақта өту, жүру мүмкін емес. Аяқтары балшыққа малынып кететініне, оқушылардың қиналатынына ашынды. Оған қоса ме-дициналық пункттің және пошта бөлімшесінің өте тар екенін, ауырған жандар мен зейнетақысын алуға келген ата-апалардың кезегі далаға дейін созылып кететіндігін жеткізді.

Тұрғындардың сансыз сұрақтарына аудан әкімінің аппараты мен бөлім басшылары түсіністікпен қарап, барлығын түртіп алды. 2005 жылдан бері Қарабұлақ ауылында бірде-бір жол жасалмағанын, өткен жылы 7 көше салынғанын және алдағы уақытта 14 көшеге асфальт салынатынын айтты. Көптеген ауылдық округтерде полиция пунктері мен дәрігерлік амбулатория салынғанын да тілге тиек етті. Және алдағы уақытта сондай іші мұнтаздай таза әрі жылы мекемелер Жалғызағаш ауылдық округінде де бой көтеретінін айтып, қуантты. Оның барлығы облыстық бюджеттен бөлінетін ақшаға, тендерге байланысты екенін, ірі көлемдегі жұмыстар оңайлықпен жасала кетпейтінін түсіндіріп, тұрғындарды шыдамдылыққа шақырды.

Жалғызағаш ауылдық округінің жергілікті тұрғындары келген басшылардың ұтқыр жауаптарына және алдағы уақытта бас қосып мәселелерді шешетіндеріне се-нетініне сенімдерін білдірді. Ауыл әкімінің бүгінгі күнге дейін атқарып жатқан жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді.