ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН ШЫРША ТОЙЫ

Көңілімізді шаттыққа бөлеп, жүрегімізе ерекше жылулық сыйлайтын мерекелердің бірі – Жаңа жыл мерекесі. Оның әлем халықтары үшін ортақ мереке болғандығы қатты қуантады. Бұл мейрам жақындаған сайын қоршаған ортада өзгерістер болып жатқан секілді көрінеді. Құдды күллі әлем ертегі әлеміне саяхат жасайтындай.

Жаңа жыл – бөбектердің де, ересектердің де сүйікті мерекесі. Жаңа жыл әрдайым сиқырлы. Осы керемет мереке көптеген жағымды әсер қалдырады. Сыйлықтар, құттықтаулар, жаңажылдық шамдар осылардың барлығы әсерлі сезім сыйлайды.

Ал балалар үшін бұл мерекенің орны бөлек. Кішкентай бүлдіршіндер ақшақар мен аяз атаны асыға күтіп, оларға хат жолдайды. Балалар ғажар әлемге бой алып, қызыққа бөленеді.    Көптеген білім ошақтарында жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, балалар үлкен қуанышқа кенеледі. Ауданымыздың Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінде жетім және ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларға, ал К.Шестаков атындағы орта мектепте мүгедек балаларға арналған жаңа жылдық шырша өтті. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев балаларды Жаңа жыл мекесімен шын жүректен құттықтап, оларға сыйлықтар табыстады.

Балалар әсем безендірілген алып шыршаның маңына жиналды. Жүздерінде нұр ойнаған балапандар жылдың бас кейіпкері Аяз атаны  үлкен қошеметпен қарсы алды. Керемет көңіл күй сыйлаумен басталған шырша барысында балалар көптеген кереметтерге кенелды. Аяз ата мен ақшақар балаларға тәтті кәмпиттер таратып, қызықты қойылымдар қойылды. Мерекелік кеш өте қызықты өтті. Аяз атаның көңілінен шығу үшін барлық бала жарыса өз өнерлерін көрсетті.

Ауданымызда өткізіліп отырған бұл іс-шара балаларды ертегі әлеміне бойлатып, оларға жан жылуын ұялатты.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.