Қос қуаныш мектеп мерейін асырды

Мектептің мәжіліс залының ашылу салтанатына Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сариев, облыстық Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру орталығының директоры педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Қыдырбаева, Ескелді аудандық білім бөлімінің әдіскері Бейбіт Сейітбаев қатысты.
Титов атындағы орта мектебі қазіргі таңда аудан көлемінде оқушылар саны жағынан ең үлкен мектеп болып саналады. Мектепте 980 оқушы білім алып, 112 педагог жұмыс істейді. Бұл үлкен ұжымды 2017- 2018 оқу жылынан бастап тәжірибелі басшы, білікті маман – Әбдікәрім Каймулдинов басқарып келеді. Осы басшының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұрын соңды болмаған мәжіліс залы оқушыларға сыйға тартылып, балалар үлкен қуанышқа бөленді.
Сонымен қатар мәжіліс залының ашылуына келген Ілияс Жансүгіров атындағы Мемлекеттік Университетінің қонақтары Робот техникасы «Lego mindstorms EV3 Education» жинағын оқушыларға сыйға тартып, олардың көңілін жадыратты. Жаһанданған ХХІ ғасырдың балаларына арналған «Lego Education» – ой өрістің дамуына септігін тигізетін тиімді құрал болғандықтан, мектеп басшысы Әбдікәрім Мұхамедкәрімұлы келген қонақтарға өзінің жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты. Сондай-ақ, салтанатты кешке келген қонақтар өздерінің білімгерлерлерінің ұйымдастырған кон-церттік бағдарламасын мектеп назарына ұсынды. Білімгерлер тамылжытып ән салып, мың бұралып би билеп, өз өнерлерімен шашу шашты.
Берік ШАЛИМБЕТОВ,
директордың оку ісі жөніндегі орынбасары