БАЛАБАҚША — БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

Балалабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан-жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын.

Балабақша – білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады.

Бақшаны – бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны – болашақтың қақпасы деп білуіміз керек. Болашақтың қақпасы – әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс.

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім мен  тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Бүлдіршіндер ошағының балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты. Баланың болашаққа қадам алып, жан-жағымен, қоршаған ортасымен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны – балабақша. Сондықтан тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек.

Осы орайда Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылында 90 орынға лайықталған «Диас» атты жекеменшік балабақша ашылды. Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев балабақшаны салтанатты түрде ашып, балалардың қуанышы үшін ашылып отырған бақшаның құрылтайшыларына алғысын білдіріп, балабақшаға сыйлық ретінде жаңа ноутбукты табыстады. Сөз кезегі «Диас» балабақшасының құрылтайшысы, жеке кәсіпкер Арайлым Раисова берілді. Арайлым Рамазанқызы ашылып отырған бақша алдағы уақытта балалардың игілігі үшін жұмыс жасайтыны жайлы айтып, 26 адамды жұмыспен қамтығандығын сөз етті. Заманауи үлгіде салынып отырған балабақшаның ішкі бөлмелері көз тартарлық, бөлменің қабырғалары мультфильм кейіпкерлерінің суреттерімен безендірілген, балалар отыратын үстелдер арнайы бүлдіршіндер үшін жасалған. Сондай-ақ жас жеткіншектер келген қонақтарға тамылжытып ән салып, мың бұралып би билеп өз өнерлерін ортаға салды.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.