ЖАҢАША ОҚЫТУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айқандай «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Соның ішінде білім беру саласында елеулі өзгерістер орын алды.

Бүгінгі таңда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты рөл атқарған болса, қазір оқушының белсенділігі маңызды рөл атқарады. Оқушыға берілетін білім мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық.

Оқу-танымдық іс-әрекет күрделі үрдіс болғандықтан, мұғалім мен оқушының бірлесіп жасайтын тиімді, сапалы әрекетін керек етеді. Оқу-танымдық белсенділік оқушының оқуға, білуге деген ынта-ықыласының құштарлығының ерекше көрінісі болып табылмақ.

Мектебімізде Аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері Б. Исанованың қатысуымен іс-әрекеттегі зерттеу бойынша өткен оқу жылында І кезеңі: «Дербес оқушыларды қалыптастыру» тақырыбында өтсе, биыл ІІ кезең «Оқытудағы оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін жандандыру барысында зерттеушілік тәсілдің атқаратын рөлі» тақырыбындағы бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған аудандық семинары өтті. Семинарға Қоңыр орта мектебі, Көктөбе мектебі, Ақешкі бастауыш мектебінен келген бастауыш сынып мұғалімдері және мектеп директоры Ш.Бозов пен директордың әдістеме жөніндегі орынбасары А.Сүлейменова қатысты.

Жоспар бойынша мұғалімдер ашық сабақтар, коучинг, презентация арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтсақ: Г.Асылбаева 2 «Б» сыныбымен «Өсімдіктер мен жануарлардың адам өміріндегі рөлі» тақырыбында дүниетану пәнінен сабақ берсе, С.Кузубаева 4 «А» сыныбымен «Жезкиік» күйі  тақырыбында Әдебиеттік оқу пәнінен, Н.Иманбекова «Жасанды жарық не үшін қажет?» тақырыбында 1«Б» сынып оқушыларымен жаратылыстану пәні бойынша ашық сабақтар өткізді. Мектеп психологы С.Абдрахманова «Танец с карандашами» атты психологиялық жаттығу жүргізді. Психолог Ж.Китапбаева «Оқытудағы оқушылардың іс-әрекеттерін психологиялық танымдық қасиеттерін зерттеу»  тақырыбында презентация көрсетіп, ой бөлісті. Б.Есмұратова «Іс-әрекеттегі зерттеу: ізденіс, тәжірибе негізі» атты презентация қорғап, мектебімізде «Жас зерттеушілер» клубы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, зерттеуші оқушылардың жасаған жұмыстарымен таныстырып, жұмыстарын семинарға қатысушыларға ұсынды. Орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі С.Клеева «Творческие исследования педагога (на основе исследований в действии)» тақырыбында шебер сынып өткізді.

Бастауыш сынып мұғалімі О.Васильева «Учимся исследовать свой урок» тақырыбында коучинг өткізді.

Келесі кезекте бастауыш сынып мұғалімдері Г.Асылбаева, Н.Иманбекова, С.Кузубаева өз сабақтарына өзіндік талдау жасады.

Аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Б.Исанова сабақты талдаудың бірнеше түрлеріне мысал келтіре отырып мұғалімдермен жұмыс жүргізді. «Кәсіби әңгіме» әдісі арқылы талдау барлық мұғалімдерге ұнағанын айтты.

Семинарға қатысушылар әр тапсырманы белсенді орындап, өздерін толғандырып жүрген сұрақтармен бөлісті.

Семинар қорытындысын шығару үшін «3-2-1» стратегиясын пайдаланып, семинарға қатысушылардың пікірлерін білді. Семинарға қатысушы әр мұғалім өзінің бағасын айтты.

Рефлексия кезінде аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері

Б.Исанова семинар жұмысын қорытындылай келе, бүгінгі семинарға қатысушылармен қатар, сабақ, коучинг өткізген мұғалімдерге де алғыс айтты. Сондай-ақ аудан көлемінде өткізілген іс-шараға мектеп әкімшілігі аса жауапкершілікпен қарап, жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын және семинар барысындағы іс-шаралар өз деңгейінде өткізілгендігін атап өтті.

Семинар жұмысына белсене қатысып іс-тәжірибе бөліскен Б.Есмұратова, Г.Асылбаева, Н.Иманбекова, С.Кузубаева, О.Васильева, Ж.Кітапбаева, С.Клеева, С.Абдрахмановаға сертификаттар тапсырылды.

С. Кузубаева,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің бастауыш сыныптар әдістеме бірлестігінің жетекшісі.