ТІЛШІМІЗ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Талдықорған қаласында «Самғау» —  журналистер жүлдесінің жеңімпаздары анықталды. Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін журналистер арасындағы «Самғау» байқауы Алматы облысының бұқаралық ақпарат құралдары және БАҚ өкілдерінің арасында өткізілді. Байқаудың ұйымдастырушысы – Алматы облысының ішкі саясат басқармасы. Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін журналистер арасындағы «Самғау» байқауы Алматы облысының дамуына ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған облыстық ауқымдағы іс-шара болып саналады.

Байқауға Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, өзекті мәселелерді жазатын, аймақтық газеттердің, телерадиокомпаниялардың редакциялары, шығармашылық бірлестіктер мен ақпараттық агенттіктер, штаттағы немесе штаттан тыс авторлар қатысқан. Байқаудың негізгі міндеті: Ұлт Көшбасшысының идеялары мен бастамаларын  мемлекетіміздің негізі ретінде дәріптеу.

Жылдың басты сыйлығы саналатын байқауда, 11 номинация бойынша 143 материал қабылданған.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 31 журналиске «Самғау» сыйлығын салтаннатты түрде табыстап, тадықорғандықтарды келе жатқан айтулы мереке Қазақстан Республикасының Тәуесіздік күнімен шын жүректен құттықтап, Алматы облысында ел игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті.

Редакциямызда жұмыс жасайтын тілшіміз Алима Нүсіпова жеңімпаздар қатарынан көрініп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жазған «Күнге бет алған керуен» мақаласы үшін «Үздік тілші» атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, 300 мың теңге сертификатты иеленді. Тілшімізге болашақта жүрер жолы ұзақ, шығар тауы биік, көрер қызығы мол болсын деп тілейміз.

Айта кету керек, конкурсқа ұсынылған материалдарды  беделді журналистер мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат өкілдері сараптаған. Облыс әкімінің журналистерге қолдау көрсетіп, оларға шабыт беріп отырғаны журналистерді жаңа ізденістерге жетелейтіні анық.

Жанахмет ИСАБАЕВ,

«Ескелді елі» ЖШС-нің директоры.