ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫН ҚЫЗЫНА ТАҒЗЫМ ЖАСАЛДЫ

Рухани байлық туған жерге деген сыйластықпен жасалмақ. Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы «көкті жұлма», «шөпті таптама» бұл сөздерде үлкен тәрбие бар. Әрбір адам осы сөздерді санасына тоқып алса, туған жеріне деген жақсылығы арта түседі. Әрбір азамат туған жерінің тарихын біліп, тарихи тұлғаларын дәріптеп, солардың құрметіне арнап игі істер атқаруы тиіс.

Туған жерге деген ынтызарлықты дарыту мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына ерекше мән берілген. Бұл жобаның басты мақсаты – ұмыт болған рухани дүниені қайта жандандыру. Елбасының заңғар идеяларының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сара Тастанбекқызының ақындығын дәріптеп, ақын қызға тағзым ету жолында аудандық  ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Алматы облыстық дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының аймақтық инспекторы, жастар ісінің нұсқаушылары және газет тілшілерінің қатысуымен Ақын Сара ауылында баспасөз туры ұйымдастырылды.

Тастанбекқызы Сара – қазақтың атақты суырып салма ақыны, сөз майталманы, айтыс өнерінің қайталанбас шебері атанған тарихи тұлғалардың бірі. Сараның есімін қазақ баласына мәшһүр еткен оның Біржан салмен айтысы. Әлеуметтік көтерген жүгі мол, көркемдігі жоғары бұл шығарма айтыс өнерінің алтын қорына қосылған қымбат қазына.

Ауданнан келген жастар ең алдымен ауыл әкімшілігінде қариялармен кездесіп, аталарымыздан ақын қыз жайлы көптеген құнды деректерді естіп, ауылымыздағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке жол тартты. Мектеп директоры Шынарбек Бозов Ескелділіктерді мектеп көрмесімен таныстырып, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында оқушылардың атқарып жатқан жұмыстарының жемісі жайлы сөз қозғады.

Сонымен қатар баспасөз турына қатысушыларымыз Сара Тастанбекқызының күмбезіне барып тағзым етті, ауыл имамы Қуат Тұрысбеков сол кісінің құрметіне арнап құран бағыштады.

Дәурен ШЫНБОЛАТОВ,

Ақын Сара ауылының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы.