ПРЕЗИДЕНТ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ СПОРТШЫЛАРҒА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

Биыл Жапонияның бас шаһары Токио қаласында ХХХІІ жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ төртжылдықтың басты додасына қатысатын спортшыларды қабылдап, сәттілік тіледі. Бұл туралы «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі хабарлады.

Жиын барысында сөз алған ел Президенті:

– Токиода өтетін паралимпиада ойындары бәріміз үшін маңызы зор халықаралық дода. Осыған орай сіздердің дайындық жұмыстарыңызды біліп, ақ жол тілегім келеді. Паралимпиада ойындарында ел анамысын қорғау мәртебелі міндет, үлкен абырой. Әлемдегі жүз мыңдаған спортшының арасынан үздік шығып осы ойындарға жолдама алу екінің бірінің қолынан келмейді. Сіздер бұған табандылық пен кәсіби дайындықтың арқасында қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңіздер. Демек, әрбір пара спортшымызды қазірдің өзінде жеңімпаз деуге болады. Сіздерді барша отандасымыз мақтан тұтады. Паралимпиадашылар қашанда қажымас қайрат пен қайсарлықтың символы саналады. Қазақстанда осы спорттың дамуына сіздер мол үлес қосып келесіздер, ­–  деп ізгі тілегін білдірді.

Ел спортшылары дүбірлі додаға тұңғыш рет 25 жолдама ұтып алды. Естеріңізде болса, Рио Олимпиадасында екі бірдей жүлдеге қол жеткізген едік. Суда жүзуден Зульфия Габидуллана алтыннан алқа тақса, облыс спортшысы Раушан Қойшыбаева пауэрлифтинг спортынан сынға түсіп, күміспен күптелді.

Басқосу барысында паратаэквандодан екі дүркін әлем чемпионы Нұрлан Домбаев, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев пен ұлттық құраманың пауэрлифтинг бойынша бас бапкері Артур Томицский спортшыларға жақсы жағдай жасалып жатқанын айтып, олардың Олимпиадаға дайындығын баяндады.

Айта кетейік, біздің облысымыздағы спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына барлық қолдау көрсетілген. Үміткер 4 спортшыға 50-400 мың теңге көлемінде ай сайын жалақы төленеді. Биыл Токио төріндегі басты додаға пауэрлифтинг пен садақ атудан облыстан 4  спортшы жолдама алды. Атап айтсақ, Раушан Қойшыбаева, Рахметжан Хамаев, Гүлбану Абдыхалықова Араб Әмірліктерінде өткен әлем кубогінде жолдама алса, Сағдат Дүйсембаевтың Токио төріне баратындығы Чехия елінде өткен әлемдік деңгейдегі лицензиялық турнирдің қорытындысы бойынша анықталды.

Жиын соңында Мемлекет басшысы байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын қайсар спортшылардың өнерін халқымыз тамашалайтынын, жанкүйер болатынын айтты.