ЖЕТІСУДА КАРАНТИНДІ ҚАДАҒАЛАЙТЫН ШЕНЕУНІКТЕР ПАРАМЕН ҰСТАЛДЫ

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері құрамында Талдықорған қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары бар мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекетіне тосқауыл қойды. Бұл туралы «Жетісу шұғыласы» газеті хабарлады.

«Антикордың» баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған кәсіпкерлік бөлімінің басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, «Covid-19» коронавирустық инфекциямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, Талдықорған қаласындағы рестораторлар мен жаппай сауда өкілдерінен әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған. Сондай-ақ, жоғарыда аталған пара сомасын берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Лауазымды адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.