ПОЛИЦИЯ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

Тәуелсіз Қазақстанның  халықаралық аренада маңызды орын алуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосып, аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекетіміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалары халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағалану үстінде. Бүкіл әлем Қазақ елін танып, оның бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні — 1 желтоқсан болып бекітілген. Бұл мейрам жыл сайын аталып өтетін Қазақстандағы мемлекеттік мейрам.

Ескелді ауданында Тұңғыш Президент күні қарсаңына орай ауданның сегіз ауылында, 8 бірдей учаскелік полиция пункті ашылды. Жаңадан бой көтерген ғимаратта қызметтік  орын ғана емес, тұрғын үй де қарастырылған. Бұл бастама елді мекендердегі тұрғындар тыныштығын толықтай қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алу мақсатында жасалған.

Учаскелік полиция пунктін аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев салтанатты түрде  ашып, тұрғындар тыныштығының сақталуы полиция қызметкерлерінің қолында екені жайлы сөз қозғап, осы салада қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің ерен еңбегінің арқасында көптеген қылмыстар әшкереленіп жатқанын айтты. Сөз кезегі аудандық ішкі істер бөлімінің полиция майоры Дәурен Сәкеновке берілді. Дәурен Қадырұлы мемлекет алдында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі жайлы айтып, тұрғындарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Осындай бақытқа кенелген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Олар жаңадан қолданысқа беріліп  отырған полицейлік учаскенің тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін жасалған игі іс екені жайлы айтты. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары тұрғындарға ақ батасын беріп, полиция қызметкерлерінің еңбегіне табыс тіледі.

Ауданымыздың сегіз ауылды мекенінен салынып отырған полиция учаскесі, алдағы уақытта тұрғындардың бейбіт өмір сүруінің берік іргетасына айналары сөзсіз.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.