ЕСКЕРТКІШ МЕМОРИАЛЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Соғыс — күйретуші күш. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жоятын осы алапат. Еліміз үшін жанын пида еткен азаматтарды жылулықпен еске алу — біздің парызымыз.

Шымыр ауылындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткіш 1985 жылы кеңестік үлгіде салынған. Тозығы жеткен мемориалдық ескерткіш биыл жергілікті тұрғындардың күшімен және жергілікті биліктің қолдауымен қалпына келтіріліп, аумағы аббаттандырылды.

Жаңартылған ескерткіштің ашылуында қатысушылар гүл шоқтарын қойды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Алпысбаев қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды:

«Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан батырларға арналған ескерткіш ауданымыздың әрбір тұрғыны үшін маңызды. Сондықтан біз оны қайта жаңартумен айналыстық. Өйткені, біз еліміздің абыройын асқақтата білген батырлардың ерліктерін есте сақтауымыз керек», – деді ол.

Салтанатты рәсімде М.Мәметова атындағы орта мектептің оқушылары мәнерлеп өлең шумақтарын оқып, әннен шашу шашты.

А. НҮСІПОВА.