«Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асуда

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің.

Соңғы уақытта халқымыз осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл да қағылып жатыр. Президентіміз: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деген болатын. Соған орай, жас жеткіншектердің қызығып оқитын кітаптарын көптеп шығарып, алыс ауылдардағы мектептерге таратудың маңыздылығын ескере отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасын еліміздегі мектеп қасындағы кітапханалардың жұмысын дамыту арқылы жүзеге асыруды жоспарлаған болатын.

Жоба аясында Ескелді ауданы Сейфуллин орта мектебінде кітап оқудағы ата-аналар белсенділігін арттыру мақсатында «Ата-аналар оқуы», «Отбасылық оқулар» ұйымдастырылды. Төменгі сынып оқушыларын кітап оқуға тартудың бір әдісі ретінде «Ертегілер еліне саяхат» іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты ертегі арқылы баланы тәрбиелеу. Аталған шараны жүзеге асыруда басты тұлға болып ата, әжелері қамтылды. «Отбасымен кітап оқимыз» отбасылық бірлікті ұрпаққа жалғастыруды насихаттау негізінде оқырман отбасының бенефисі өткізілді. Бұл іс-шара арқылы кейінгі жастарға отбасылық ынтымақ пен татулықты дәріптеу. Тақырыптық кештің мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттап, кітап арқылы мейірімділік пен адамгершілікке тәрбиелеу. Жобаны насихаттау, көпшілікпен бөлісу мақсатында мектептің инста, фейсбук парақшаларына жүргізілген жұмыстар үздіксіз жарияланып отырылады. Демалыс уақытында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Менің сүйікті кітабым», «Менің сүйікті әдеби кейіпкерім» челлендждері ұйымдастырылып, оқушылар оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісу үшін келесі оқырманға өздерінің оқыған кітаптарын жолдады. Сонымен қатар, ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр атты» онлайн әдеби кеш, Ыбырай Алтынсариннің 180 жыл толуына орай, оқушылармен «Кел балалар оқылық!» атты онлайн мәнерлеп оқу, кітапхана қамқорлығымен Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жыл толуына орай, Президент күні, Тәуелсіздік күніне іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп, жоба бағыттары жүзеге асырылуда.

Ұлы заңғар жазушымыз М.Әуезов «Әрбір адамның ең жақын досы кітап болуы тиіс» деп айтқандай. «Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті жалғасын тапса, еліміздегі ақын-жазушылардың кітаптары көптеп басылып шығып, ел арасына кең тарайтын болады. Алдағы уақытта «Оқуға құштар мектеп» жобасы

кітапқұмар ұлт деген мәртебелі атымызды қайтаруға септігін тигізетін игі бастама екеніне кәміл сенеміз!

Т.Есімова, Г.Рысқұлова, 

Сейфуллин атындағы орта

мектебінің кітапханашылары.