ҚАСТЕЕВ ІЗІМЕН — ҚАСТЕР БОЛАТ

Бар әлемнің болмысын бір бояуға сыйдырған. Мәңгі өлмес өнерімен өмір сүретін жан. Мың құбылған дүниенің тылсым сырын кенеп бетіне түсіретін сырбаз азамат. Қылқаламы арқылы әр бейнеге жан бітірген. Тарғабатайдың күнгей бетінде кіндік қаны тамған ердің еліне деген сүйіспеншілігі сырға толы суретінде жатыр. Оның бар болмысы қарындаштың ұшымен ақ парақтың бетінде бейнеленген.

1987 жылдың күзі. Болат ағаның шаңырағында атұстардың дүние есігін ашқан мезгілі. Нақтыласақ, қыркүйек айының 13-і. Ұлтына қастерлі болсын деген ырыммен, есімін де мұсылманша азан шақырып, Қастер деп қойған. Әулетінің темірқазығына айналған, айдарынан жел ескен ұлдың балдәурен шағы ҚХР, Дөрбілжің ауданы, Ұшқарасу ауылында
өткен. Табаны алғаш аталған мекеннің топырағына тиген ұлан 1995-2002 жылдары сол ауылдағы мектепте сауатын ашқан. Артынша, 2002-2005 жылдары Күйтін қаласындағы көркемөнер факультетінің сурет сыныбында білімін жалғастырған. Кейіпкеріміздің айтуынша, сырлы бояуға деген қызығушылығы бала кезден қылаң берген. Текті халқымыз
«жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас» деп бекер айтпаса керек-ті. Қастердің әкесі де кескіндемеден алыс болмаған.


«Сурет салуды кішкентай күнімнен ұнаттым. Себебі, әкем де аздап сурет салатын. Өзі негізінен ақын, жазушы, күйші болды. Қанда бар икемдік талаптансаң өнеді ғой. Үйдің ішін суретке толтыратынмын. Ойнасам да сурет салатын едім. Жазғы демалыста үйірмелерге қатысып жүрдім, кейіннен арнайы оқуын оқыдым»,– дейді Қастер Болат.
Қылқаламды жанына серік еткен серінің ойынан әкенің берген тәлімтәрбиесінің орны әсте биік екенін аңғару қиын емес. Есіне алған ыстық естеліктері өзінің ғана емес, өзгенің де жанын шымырлатары сөзсіз.
Бала шақтан, томаға тұйық, болмысы ерек болған жігіт ағасы бірінші сыныпқа барған кезден бастап бейнелеу өнеріне әуес болған.
Айналасындағы бар әсемдікті қағаз бетіне түсіру әуелде қызығушылық болса, қазірде кәсібіне айналған жайы бар.

2005 жыл Болат әулеті үшін «ақ түйенің қарны жарылған» кезең. Атажұртына оралып, төл топырағына қоныс аударған мезет еді. Қастердің өміріндегі әрбір өзгерістің бастауы асқартауының ықпалымен болған. Елге келуге де әкесі себепкер болған еді. «Ұрпағым
айдаһардың аузында жұтылмасын», –деп қорғандары Шығыс Қазақстан облысына тұрақтауды жөн көрген.
Туған елге келген ердің асығы алшысынан түсті. Гауһар тастай жарқырап, өнерін жетілдіру мақсатында 2006-2010 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық институтында бейнелеу
өнері және сызу мамандығы бойынша білім алады. Бұл жылдар бозбаланың бүгінгі жемісті күнінің бастауы еді. Оны өзі де сезбесе керек.
Жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ сурет салу ісі тәңірі сыйға тартқан тартуы екенін дәлелдеп берген. Оған негіз, үзеңгілестерінің арасында сурет байқауларынан үздік шыққаны. Ауыз толтырып айтарлық жетістігінің бірі, 2007 жылы Семей қаласында студенттер арасында өткен «Туған жердің алтын бояуы» көрме байқауында бас жүлде
иемденгені. Атамекенді аңсап келген ұлан үшін, бұл жарыс осынау өлкеге деген сағынышын боямасыз жеткізетін нысана болды. Сондай-ақ, 2010 жылы Алматы қаласында республикалық II кезекті студенттер арасында өткен графикалық портрет салу байқауында тағы да бас бәйгені қанжығасына байлаған.
Оқу орнын аяқтаған соң 2010 жылы Жетісу жеріне табан тірейді. Сол уақыттан бастап, қазіргі кезге дейін, Ескелді ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында
ұстаздық етіп келеді.
«Ат тұяғын, тай басар» дегендей, Қастер Болаттың артынан ерген шәкірттері де жоқ емес. Мұны шәкіртсіз ұстаз – тұл демей ме? Сурет салуды үйретіп жүрген балалар бар. Әр жылдары шығып отырады.
«Мектептен түлеп ұшқандары да бар арасында. Бірақ, ондай көп емес», – деп түсіндірді. Шәкірттерінің аздығы, кейіпкердің осал ұстаз болуынан емес, керісінше, ерекше қабілетті бірден қағып алатын жас дарынның жоқтығымен байланысты.
Білім ошағында бейнелеу мен сызудан дәріс берсе де жеке шығармашылығын шыңдаудан жалыққан емес. Бұл да өлмес өнеріне деген шексіз махаббаты десе, артық айтқандық емес. Онысы, ағымдағы жылы қазақтың ғұламасы, ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Сурет әлеміндегі Абай бейнесі» атты облыстық кәсіпқой суретшілердің көрмебайқауында бас жүлдені және 8 наурыз– Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған кәсіпқой суретшілердің туындыларынан жинақталған «Анамның бейнесі» атты көрме байқауында III орын алуынан көрініс тауып отыр. Ардақты анасына арналған сурет, қылқалам шеберінің қоржынындағы әзірге соңғы шығармасы. Түн ұйқысын төрт бөлген, асыл анасының портретінде барлық жылулық пен мейірімді бере білген. Өзі
де «ананың алдындағы перзенттік парызым өтелмес», – деп айтады. Осыдан-ақ, адал перзенттің Гүлсім анаға деген ерекше сезімі, балалық көңілінің әлі күнге кіршіксіз, тап-таза күйінде сақталғаны көрініп тұр. Шынайы махаббатпен туындаған кескіндер қашан да ел назарында. Сол себепті, ер еңбегі тек парақ бетінде қалып қойып жатқан жоқ. Оның шебер қолынан шыққан туын- дыны, үкімет те жоғары бағалап жатыр. Соның арқасында халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі үшін, яғни Абай бейнесін бейнелегенін бағалап, «Абай» мерейтойлық медалімен
марапаттаған.
Отызында орда бұзған азаматтың бүгінгі жеңісі – табандылығының арқасы. Бойындағы қасиетін қастерлей білген ол, «Бейнелеу өнері төзімділікті қажет етеді. Суретшілік – сұлулықты көре білетін, тапқырлықты керек еттетін мамандық. Білім алудың өзі инемен құдық қазғандай. Сондықтан, суретші болғысы келген әрбір адам ұзақ уақыт, жалықпай еңбек етуі керек. Бейнелеу өнері оңай іс емес»,– дейді.
Шабытты, қоршаған ортаға деген шексіз сезімнен, жүрегіндегі тыныштықтан алатын арда азаматтың әр бастамасына шынайы қуанатын жандары, құтты шаңырағындағы аяулы анасы,
асыл жары, үш қызғалдағы. Атадан екеу болып туылған ұл, бүгінгі күні керегесі кеңге жайылған бір үйдің отағасы.
Сергей Калмыковша айтсақ, «Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті суретшіні қатардағы ізбасарлар мен
еліктеушілерден оқшау дараландырып тұрады».
Өзінің өнер туралы қайталанбас ойларымен ерекшеленетін кейіпкерімізге, жоғарыда аталған тұжырым, табиғатына біте қайнасқан іспетті. Сондықтан да болар, Қастер Болаттың әр шығармасы мәңгілік таусылмайтын күшке айналып келе жатқаны да.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.