ТУҒАН ЖЕРІМ — ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ

16 наурыз – шежіре күні. Бұл күні әрбір отбасында жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылуы тиіс. Ағайындар отбасымен бірігіп, өмірден өткен ата-бабаларының, ағайынбауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеу мақсатында үлкен үйге жиналады. Ауылдық жерлерде мал сойылып, ата-бабалар аруағына құран бағышталады.

Елдің, өлкенің тарихын, ерлігін баяндау, өскелең ұрпақтың бойына шежірені дарыту мақсатында Ескелді ауданының Алдабергенов ауылында «Туған жерім – тұнған шежіре» атты іс-шара өткізілді.
Аудан тұрғындарының туған елін, жерін, Отанын сүюге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру үшін барлық қатысушылар алдымен Батырлар аллеясының алдына жиналып, Н.Алдабергеновтің ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Батырлар ауылы деп аталып кеткен бұл ауылдан шыққан 21 Социалистік Еңбек Ерінің соғыс кезіндегі тылдағы өмірі, мал шаруашылығын ұйымдастыру, суландыру жүйелерін жүргізу, ауыл мәдениетін көтеру, колхозшылардың тұрмысын жақсарту сияқты жанкешті еңбектері мен Кеңес Одағы батырларының ерліктері туралы жиналған қауымға ақпарат берілді.
Шежіре күніне орай әрі жас ұрпақтың бойында еліне патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында ақын Салтанат Құмархан арнау өлеңін оқыды.
Шара соңында Н.Алдабергеновтің мемориалды музейіне экскурсия жүргізіліп, музей жүргізушісі экспозициялармен таныстырды.
Іс-шара барлық санитарлық талаптарды сақтап өткізілді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.