ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

Жақында Ескелді ауданының Қарабұлақ орта мек-тебінде «Жаңа әдіс-тәсілдер – табысты оқытудың кепілі» тақырыбында аудандық семинар өтті. Аталмыш семинарға аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскерлері Н.Мұқажанова, Э.Альпиева және ауданның негізгі және жалпы орта білім беру мектептерінен 40 мұғалім қатысты.

Семинардың  мақсаты – оқу-тәрбие үдерісінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану арқылы оқытудың сапасын көтеру. Бұл семинарда Қарабұлақ орта мектебінің деңгейлік курстан өткен мұғалімдері жаңа әдіс-тәсілдерді өз сабақтарында қалай қолданып жатқандығын көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинардың бірінші кезеңінде биология пәнінің мұғалімі  Жексенбинова 10 «А» сыныбында «Нуклеин қышқылдары», орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Т.Ким 10 «Б» сыныбымен «Основные мотивы лирики Некрасова», математика пәнінің мұғалімі Ә.Айтибаева алгебра пәнінен 7 «А» сыныбымен «Натурал көрсеткішті дәреженің қасиеттері», бастауыш сынып мұғалімі  И.Гертнер орыс тілі пәнінен 4-ші сыныбымен «Антонимы, их роль в речи», тарих пәнінің мұғалімі А.Өнерхан «Қазақстан аумағындағы қола дәуірі», ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Шілдебаева 10 «Б» сыныбымен «Путешествие в разные страны» тақырыптарында ашық сабақтар өткізді. Сабақ барысында олар топтық, жұптық, жеке дара, сыныптық жұмыс түрлерін, саралап оқыту, қалыптастыру бағалау түрлерін, кері байланыс, «Ішкі-сыртқы», «ИДЕАЛ», т.б. әдіс-тәсілдерді қолданды.

Семинарға қатысушы мұғалімдер тәжірибе алаңында өз пікірлерін ортаға салды.

Семинардың екінші кезеңін-де «Жақсы көңіл-күй формуласы» тақырыбында 1-деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі Л.Фоминых, «Графикалық органай-зерлер – жаңартылған білім беруді іс жүзіне асыру құралы» тақырыбында 1-деңгейлі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Райымбекова, «Саралап оқыту тапсырмалары – өзін-өзі реттеуге көмекші құрал» тақырыбында 1-деңгейлі математика пәнінің мұғалімі Ә.Айтибаева, «Белсенді оқыту әдістері – сабақ үрдісінің оңтайлы жолы» тақырыбында 1-деңгейлі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Махамбетовалар тренинг, шеберлік сабақ, коучинг түрінде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар соңында ұйымдастырылған кері байланыс нәтижесінде мұғалімдер өткен шараның тиімділігін, тәжірибеге бағытталғанын және қажеттілігін атады. Яғни, өздерінің келген мақсаты – жаңа әдіс-тәсілдерді  сабақ үрдісінде қолдану, тәжірибе алмасу екендігін тілге тиек етті. Коучинг, шеберсынып сабақтары өте жақсы өткендігін айта келіп, органайзермен жұмыс, саралап оқыту, дарынды және талантты балаларды анықтау, ҰБТ-ге дайындау, топтық жұмыстар, бірін-бірі бағалау туралы жақсы әдіс-тәсілдерді көріп, іс-тәжірибелерінде қолданатындықтарын айта кетті. Мектеп ұжымына сапалы семинар ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Ескелді аудандық білім бөлімі.