Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекет азаматтарының тұрғын үй мәселесін шешу бойынша бірнеше рет ауқымды шаралар қабылданып келеді. Іске асырылған, сондай-ақ күні бүгінге дейін іске асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламаларының топтамасы өз тиімділігін көрсетуде. Оған 2016 және 2017 жылдардағы тұрғын үйді пайдалануға енгізудің өскені дәлел бола алады. Осы екі жылда елімізде 21 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Құрылыс саласының жоғары өсу қарқыны, тұтастай алғанда, ел экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосады, халық шаруашылығының түрлі салаларындағы өсуге қолдау көрсетеді. Биылғы жылы наурыз айында Елбасының халыққа арнаған үндеуінде тұрғын үй құрылысының мемлекеттік ынталандыру тетіктері және пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасы жарияланған болатын. Бүгінгі уақытта біршама банктер осы бағдарлама аясында қызу жұмыс жасап жатыр.
Халықты «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктері жайлы ақпараттандыру үшін Ескелді ауданына Ұлттық банктің облыстық филиалының бөлім басшысы Б.Диханчинов, облыстық құрылыс басқармасының тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық нысандарының құрылысы бөлімінің басшысы С.Дәрменов және екінші деңгейлі банктің өкілдері қатысты. Ақпараттандыру жиынын аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов жүргізіп отырды. Әкімшіліктің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, ауыл тұрғындары қатысып, сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды.
З.ЖҰМАБЕКОВА.